Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кемінде 2 миллион теңге таба алар едім": Салтанат Әзірбек жалақысы туралы айтты

Салтанат Әзірбек
Фото: Видеодан скриншот

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек медиа саласында жұмыс істесе, қазіргі жалақысынан төрт есе көп табыс таба алатынын айтты. Алайда жоғары жалақы ұсынғандар болғанымен, ол полициядағы қызметін жалғастыруды жөн көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мұны полиция полковнигі Әлішер Елікбаевтың “Два метра” YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Сұхбат барысында журналист жекеменшік компаниялардағы жалақының жоғары екенін ескеріп, полиция білікті IT мамандарын жұмысқа қалай тартатынын сұрады. Салтанат Әзірбектің айтуынша, кей мамандар үшін табыстан бұрын қоғамға пайдасын тигізу маңызды.

“Арамызда патриоттар бар ғой. Мысалы, мен медиа маманымын. Менің деңгейімдегі маман кемінде 2 миллион теңге таба алатынын білесіз. Ал мен соның төрттен бірін аламын”, – деді ол.

Осыдан кейін Елікбаев оның жалақысы шамамен 500 мың теңге екенін есептеп айтты. Әзірбек бұл есепке қарсылық білдірмеді.

Оның сөзінше, бұған дейін жаңа ақпараттық жобаларға бас редактор болып, жоғары жалақыға жұмыс істеу туралы ұсыныстар бірнеше рет түскен. Дегенмен ол халыққа қызмет етуден қанағат алатынын жеткізді.

“Мен патриотпын. Халықтың игілігі үшін қызмет еткен ұнайды. Бұл жұмысты да біреу істеуі керек қой. Жаңа сайттарға жақсы жалақымен бас редактор болуды ұсынғандар көп болды”, – деді Әзірбек.

Полиция өкілі киберқылмысқа қарсы күрес бөлімшелеріне келетін жас мамандардың арасында да осындай ұстанымдағы адамдар бар екенін айтты. Оның пікірінше, құқық қорғау органдарында жұмыс істеу IT мамандарына мол тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.

“Бізде қылмыс та, түрлі жағдай да көп. Бірі екіншісіне ұқсамайды. Сондықтан бұл – өте мол тәжірибе. Полициядан кейін маман кез келген салада, соның ішінде банктер мен жекеменшік компанияларда жұмыс істей алады”, – деді ол.

Салтанат Әзірбек Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінде 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2008 жылдан бастап бөлімшеге жетекшілік етеді. Қазір департаменттің ақпараттық саясат басқармасының басшысы қызметін атқарады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 20:43