"Тас төбемнен ұра берді": Атырауда ұлынан таяқ жеген 90 жастағы қария оны жазалауды сұрап отыр
Атырау облысында туған ұлынан зәбір көрген 90 жасқа таяған қария сот отырысына өзі келіп, баласының заң алдында жауап беруін талап етті. Ол сотта кенже ұлының өзіне жасаған қорлығын баяндап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының тұрғыны Әділхан Сисенов сот отырысына қатысу үшін көршілес Жылыой ауданына барған. Жәбірленушінің айтуынша, кенже ұлы оны үйге қамап, қол-аяғын скотчпен байлап, бірнеше рет басынан ұрған. Соның салдарынан инсульт алғанын айтады.
"Төрт айдан бері неге қамамайды? Мені қамағаны, қол-аяғымды байлағаны, тас төбемнен ұра берді. Сол ұрғанның зардабынан инсульт алдым. Басымда ұра бергеннің зардабы жиналды. Ұрып, жығып, бәрін алған да, киім-кешегімді бермей қойды. Қазір балалардың киімін киіп жүрмін", – деді Әділхан Сисенов.
Оқиға биыл маусым айында болған. Ауылда көмек таба алмаған қария қалаға келіп, журналистерге сұхбат бергеннен кейін бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осыдан кейін оның кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Қарияның айтуынша, денсаулығының күрт нашарлауына ұлының соққысы себеп болған. Ол бұған дейін де баласының бірнеше рет қол көтергенін, алайда құқық қорғау органдарынан тиісті көмек ала алмағанын мәлімдеді.
Іс бойынша айыпталушы – арызданушының 47 жастағы кенже ұлы. Ол әкесінің қара шаңырағында тұрған. Сотта ер адам өз кінәсін мойындамаған.
Сотқа жәбірленушінің туыстары да келіп, қарияның құқығын қорғауды талап етті. Олардың сөзінше, бұл – істің үшінші сот отырысы. Туыстары Әділхан Сисеновтің денсаулығы біртіндеп жақсарып келе жатқанын айтты.
"Сағыз стансасынан келіп тұрмыз. Осымен үшінші рет. Туған ағамыз үшін келіп отырмыз ғой. Қолымен істегенді мойнымен көтерсін. Ағайынның бәрімен қазір араз болдық, осы баланың қылығынан. Ауырып қалып еді, қазір жақсы, есі орнына келіп жатыр. Өткенде микроинсульт алды ғой", – деді жәбірленушінің қарындасы Кенжетай Сисенова.
Айта кетейік, маусым айында Әділхан Сисенов ұлының үстінен арыз жазғанымен, тиісті шара қолданылмағанына шағымданған еді. Тіпті ұлының бұрын ішкі істер саласында қызмет еткенін айтып, істің әділ қаралатынына күмән келтірген.

Кейін қарияға күш қолдану дерегі бойынша кенже ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Алайда айыпталушы қамауға алынбаған.
Еске салайық, туған ұлын ұрып-соқты деп айыптаған қария сот алдында оқиғаны ұмытып қалған еді. 90 жастағы қарияның өз ұлынан таяқ жеп, үйінен қашуға мәжбүр болғаны туралы іс сотқа жетті. Алайда сот басталар тұста ақсақалдың денсаулығы сыр беріп, болған оқиғаны есіне түсіре алмай қалған. Ал күдікті ұлы әкесін ұрды деген айыпты жоққа шығарып отыр.