Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде кәсіпкерді үйінде атып өлтіріп, көлігі мен құнды заттарын ұрлап кеткен

Қылмыс кәсіпкер
Фото: Видеодан скрин

Ақтөбеде қаладағы жанармай құю бекеттері желісінің басшысы, 49 жастағы Айболат Жисов өз үйінде оққа ұшты. Белгісіз адам кәсіпкердің үйіне басып кіріп, оны атып өлтірген. Кейін ақша, бағалы заттар мен автокөлікті алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қанды оқиға 16 қараша күні таңертең қаланың элиталық шағын аудандарының бірінде болған. Марқұмның үйі биік қоршаумен қоршалып, аумағына бейнебақылау камералары орнатылған. Дегенмен қылмыскердің үйге қалай кіргені және оқиғаның қалай өрбігені әзірге белгісіз.

Көршілері таңертең атыс даусын естігенін айтқан. Ал әлеуметтік желіде күдіктінің қылмыстан кейін кәсіпкердің көлігіне мініп, ізін суытқаны туралы ақпарат тарады. Кейін автокөлік Ресейге қарай бағытталған Богослов тасжолынан табылған деген болжам бар. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Ақтөбе облысы полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Атыс қаруынан жарақат алған ер адамның мәйітінің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір күдіктіні анықтау және ұстауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді полиция.

Қазір күдіктінің кім екені және қылмыстың мән-жайы анықталып жатыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 08:04