Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда 9 жастағы баланы жасөспірімдер ұрып-соққан: Алайда ұлын қорғамақ болған әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Төбелес
Фото: istockphoto.com

Алматыда балалар алаңында 9 жастағы баланы екі бала ұрып-соққан. Оқиғадан кейін баланың анасы ұлын қорғауға шыққан. Алайда әйелдің айтуынша, жасөспірімдердің ата-анасы полицияға арыз жазып, оның үстінен шағымданған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Bear1_69856 аккаунтында өзін баланың анасы ретінде таныстырған әйел оқиға туралы желіде жазды. Аййтуынша, оқиға 10 қарашада Алатау ауданындағы балалар алаңында болған. Айтуынша, 9 жастағы ұлын балалар алаңында екі бала соққыға жыққан.  

"Біреуі баламды ұстап тұрса, екіншісі басынан тепкен. Ұлым ерні қанап, үйге жүгіріп келді. Баламды қорғау үшін сыртқа шыққанымда, оны тағы да ұрып жатқанын көрдім. Сол сәтте болған жағдайды тоқтатып, ұлымды қорғауды ғана ойладым. Алайда ең қиыны содан кейін басталды. Жасөспірімдердің ата-анасы полицияға арыз жазып, оған тек менің баламды қорғап жатқан сәтім түсірілген видеоны тіркеген. Ал баланың соққыға жығылған сәті видеоға түспей қалған. 11 қарашада балаларыммен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен алты сағат болдық. Полиция қызметкерлері тарапынан дөрекілік, психологиялық қысым мен қорқытуға тап болдым. Ұлымды бөгде адамдардың көзінше бірнеше рет сұраққа алды. Ал маған өз ұстанымымды толық әрі еркін жеткізуге мүмкіндік бермеді”, – деп баяндады ол. 

Әйелдің айтуынша, сол күні полицейлер тіпті әйелдің үйінде қатерлі ісікке шалдыққан, І топтағы мүгедектігі бар, өздігінен жүріп-тұра алмайтын анасына жібермеген. 

“Оның күтімін өзім жасаймын. Алайда өтініштеріме ешкім құлақ аспады. Мен өзіме ерекше қарым-қатынас көрсетуді сұрамаймын. Тек істің әділ әрі жан-жақты тергелгенін қалаймын. Неліктен 9 жастағы баланың соққыға жығылғаны тергеудің басты мәселесіне айналмады? Неліктен тек қиылып алынған видео ғана қарастырылып жатыр? Баласын қорғауға тырысқан ана неге осындай қарым-қатынасқа тап болуы керек? Мен қарсы арыз жаздым. Енді жоғары тұрған барлық органдарға шағымдануға ниеттімін. Осы жағдайға назар аударып, әділдік орнауына көмектесулеріңізді сұраймын. Бұл мәселе тек маған қатысты емес, балаларымыздың қауіпсіздігі мен қорғалуына да қатысты", – деп жазды әйел.

Алматы қалалық Полиция департаменті бұл жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады", – деп мәлімдеді полиция.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында әйелдер балалар ойнайтын алаңда төбелескен еді. Видео авторының айтуынша, қысқа шашты әйел екінші әйелдің баласын қағып өткен. Сөйтіп баланың анасы оның жанына барып, өзінің әрекетін түсіндіруін талап еткен. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 09:47