Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда мектептегі төбелестен бір көзінен айырылған жасөспірімнің анасы әділдік талап етті

Дамир
Фото: Видеодан скрин

Таразда мектептегі төбелестен кейін көзінен айырылған 16 жастағы Дамир Сураншиев алты рет ота жасатты, енді жетінші операцияға дайындалып жатыр. Анасының айтуынша, жанжалға бірнеше оқушы қатысқанымен, сот алдында әзірге бір ғана жасөспірім жауап беріп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға сәуір айының ортасында Тараздағы гимназиялардың бірінде болған. Үзіліс кезінде 10-сыныпта оқитын Дамирді бірнеше 9-сынып оқушысы ерлер киім ауыстыратын бөлмесіне шақырған. Сол жерде жасөспірімді ұрып-соққан. Соққы салдарынан оның көзі ауыр жарақаттанған. Дамирдің айтуынша, ол өзін нақты немен ұрғанын көрмеген.

"Киім ауыстыратын бөлмеге кіргенде бірден ұра бастады. Құлаған кезде көзіме бірдеңе болғанын сездім. Қандай затпен ұрғанын көрмедім", – деді Дамир.

Жасөспірімнің анасының айтуынша, баласының көзі қатты соққыдан жарылып кеткен. Дәрігерлер бірнеше операция барысында көздің зақымданған бөліктерін қалпына келтіруге тырысқан. Алайда жарақаттың салдары қайтымсыз болып, бала өмір бойы мүгедектік болып қалды. Қазір Дамирге тіпті бүйіріне аунауға да болмайды. Отадан кейінгі асқынуларға байланысты ол үнемі бір қалыпта жатуға мәжбүр.

"Сәуір айынан бері жағдайымыз осындай. Бір рет қана басын жоғары қаратып жатты. Ол да екі аптадай болды. Қазір қайтадан осылай жатырмыз. Себебі әр жолы торлы қабыққа қысым түседі", – дейді анасы Зухра Каримова.

Зухра Каримованың сөзінше, бастапқыда іс бойынша бірнеше оқушының қатысы қаралғанымен, сотқа олардың біреуі ғана тартылған.

"Бірнеше рет жаздым. Жоғары тұрған органдардың назар аударғанын қалаймын. Неге мұндай жағдай болып жатыр? Прокуратура мен сот арасында іс қаралып жатқанда, бір адам куәгер болып шыққан. Егер заң бойынша қарасақ, екеуі де топ болып жасалған әрекет бойынша жауап беруі керек", – деді Дамирдің анасы.

Іс бойынша сот отырысы кәмелетке толмаған бала қатысатындықтан жабық режимде өтіп жатыр. Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі қазір іс Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқанын хабарлады.

Ал Дамир кезекті операциясына дайындалып жатыр. Дәрігерлер жасөспірімнен асқыну белгілерін анықтаған. Отбасы бұл жағдайдың екінші көзіне де әсер етуі мүмкін екенін айтып отыр.

Еске салайық, бұған дейін оқиға 2026 жылғы 14 сәуірде Тараздағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында болған. Жасөспірім бірнеше оқушының соққысынан кейін сол көзінен айырылған. Ата-анасы тергеудің толық әрі әділ жүргізілуін талап етсе, прокуратура күдіктіге қатысты негізгі іс аяқталғанын және өзге оқушылардың әрекетіне байланысты бөлек қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 08:36