Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда бір көзінен айырылған мектеп оқушысының ата-анасы тергеудің әділ жүргізілуін сұрап отыр

оқушы
Фото: Видеодан скрин, Время

Таразда аяусыз соққыға жығылып, бір көзінен айырылған мектеп оқушысының ата-анасы тергеудің әділ жүргізілмей жатқанын мәлімдеді. Олар жанжалға  қатысқан барлық адамды жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл жағдай биыл 14 сәуірде Тараз қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназиясында болған. Жасөспірімнің анасы Зухра Кәрімованың айтуынша, оқушылар ұлын “жай ғана сөйлесеміз” деген сылтаумен мектептің киім ауыстыратын бөлмесіне алып кірген. Іште оны бірнеше жасөспірім күтіп тұрған.

“Шабуылға үштен беске дейін жасөспірім қатысқан. Алдымен олар Дамирдің көзіне темір затпен соққы жасап, кейін бірнешеуі жабылып ұрған. Балам жерге құлап, қарсыласуға шамасы келмей қалған. Сонда да оны ұрып-соға берген”, – деді жасөспірімнің анасы. 

Оқиғадан кейін шабуыл жасағандар зардап шеккен жасөспірімге ешқандай көмек көрсетпей, оны жалғыз қалдырып кеткен. Салдарынан Дамир сол көзінен толықтай айырылған. Бүгінге дейін оған үш рет ота жасалған.

Зухра Кәрімованың айтуынша, бастапқыда іс қылмыстың ауырлығына сай келмейтін бап бойынша тіркелген. Тек қала прокуратурасына жүгінгеннен кейін іс Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігіне (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қайта сараланған.

Алайда отбасы тергеу әлі де толық жүргізілмей жатқанын айтты.

“Тергеу баламның берген жауабы мен басқа да дәлелдерге қарамастан, бұл оқиғаны адамдар тобы жасаған қылмыс ретінде қарастырмай отыр. Оған қоса дәрігерлердің көзге темір затпен соққы жасалған болуы мүмкін деген қорытындысына да әлі күнге дейін тиісті құқықтық баға берілмеді. Материалдық және моральдық шығынды өндіру туралы азаматтық талап қойдық. Десе де күдіктілер әлі күнге дейін азаматтық жауапкер ретінде танылмады”, – дейді жасөспірімнің жақындары. 

Жамбыл облысының прокуратурасы денсаулыққа ауыр зиян келтіру дерегі бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады.

“Күдікті ұсталып, кейін Тараз қаласының мамандандырылған тергеу сотының шешімімен екі айға үйқамаққа алынды. Сараптамалар жүргізіліп, куәлардан жауап алынған соң  оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша түпкілікті сараланды. Қазір қылмыстық іс Тараз қаласының прокуратурасына жолданды. Материалдар зерделенген соң соңғы процессуалдық шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді облыстық прокуратура.

Сонымен қатар қадағалау органы жәбірленушіні басқа оқушылардың да ұрғаны туралы дерек бойынша жеке қылмыстық іс қозғалғанын растады. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен жасалған бұзақылық) бойынша тергеліп жатыр.

Прокуратура тергеу амалдары жалғасып жатқанын айтты. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Ал облыстық полиция департаментінен нақты жауап алу мүмкін болмады. Ведомстводан бірнеше рет пікір сұралды. Олар жауапта тек тергеудің аяқталғанын және тараптардың іс материалдарымен танысып жатқанын хабарлаған. 

Оқиғадан кейін Абай атындағы мектеп-гимназияға Оқу-ағарту министрлігі тексеру жүргізген. Жамбыл облысы білім басқармасының мәліметінше, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін мектеп директоры Индира Нұралиеваға қатаң сөгіс жарияланған. Сонымен қатар құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары да қатаң сөгіс алып, қызметінен босатылған.

Бұдан бөлек, мектеп психологы, сынып жетекшісі, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, әлеуметтік педагог және аға тәлімгерге де тәртіптік жаза қолданылған.

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, психологиялық қолдау орталығының мамандары мектепте буллингтің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізген.

“Оқушыларға “Буллингсіз болашақ” атты тренинг ұйымдастырылып, оған 97 оқушы қатысты. Сонымен қатар балалармен жеке және топтық кеңестер өткізілді. 270 ата-анамен кездесу ұйымдастырылып, мектептегі буллинг деңгейін анықтау үшін оқушылар арасында сауалнама жүргізілді”, – деді ол.

Ал Дамирдің жақындары баласының денсаулығына алаңдап отыр.

“Ұлым Алматыдағы Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының бақылауында болды. Бірақ дәрігерлер енді көмектесе алмайтындарын айтты. Қазір Корея мен Түркиядағы клиникаларға жүгіндік. Жауаптарын алдық. Енді емге қажет қаражат мәселесін шешіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін де көп шығын шықты. Мүмкін, қаражат жинауға тура келетін шығар”, – дейді Зухра Кәрімова.

Айта кетейік, бұған дейін Тараздық оқушы төбелестен кейін көзінен айырылғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 23 Шілде, 2026 13:16
Талқылау