Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістанда құрдасын өлімші етіп соққыға жыққан оқушыларға үкім шықты (видео)

Мейіржан Нұржанұлы
Фото: Видеодан скрин

Былтыр 3 қарашада Түркістан қаласындағы зират маңынан 9-сынып оқушысы, 15 жастағы Мейіржан Нұржанұлының мәйіті табылған еді. Тергеу мәліметінше, жасөспірім өз құрдастарының қолынан қаза тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, төрт оқушы мектеп оқушыларын зират маңына жинап, олардан ақша талап еткен. Сол жерде 24 баланы қатарға тұрғызып, кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған. Кейін соққы жалғасып, Жамбыл Жабаев атындағы мектептің оқушысы Мейіржан Нұржанұлы есінен танып құлап, оқиға орнында көз жұмған.

Қайғылы хабарды естіген марқұмның әжесі мен ағасы зиратқа дереу жеткенімен, бозбаланы аман алып қалу мүмкін болмаған.

Оқиғадан кейін қоғамда үлкен резонанс туып, марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізуді талап етті. Нәтижесінде күдіктілер қамауға алынып, іс бойынша тергеу мен сот процесі алты айға созылды.

Сот шешімімен айыпталушылардың бірі денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Ал қалған үш жасөспірім бұзақылық бабы бойынша жауапқа тартылып, әрқайсысына 1 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Алайда марқұмның отбасы бұл үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Олардың пікірінше, негізгі кінәлілер тиісті жазасын алмаған. Сондай-ақ жәбірленуші тарап моральдық шығын ретінде талап еткен 30 миллион теңгенің орнына сотталушылардың әрқайсысынан 200 мың теңгеден ғана өндірілген.

Қара жамылған отбасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмек.

Мейіржан Нұржанұлы отбасындағы екі ұлдың кенжесі болған. Әкесінен ерте айырылған жасөспірімді анасы мен әжесі тәрбиелеп өсірген. Жақындарының айтуынша, немересінен айырылған әженің денсаулығы қайғылы оқиғадан кейін күрт нашарлаған.

Еске салайық, бұған дейін былтыр қарашада Түркістан қаласындағы зират маңынан 15 жастағы 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлының мәйіті табылған еді. Марқұмның туыстары оны құрдастары әлімжеттік жасап, аяусыз соққыға жыққанын мәлімдеді. Отбасының айтуынша, жеткіншек жүрек тұсынан ауыр соққы алып, оқиға орнында көз жұмған. Аталған факі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Марқұмның жақындары кінәлілердің заң аясында қатаң жазалануын талап еткен.

Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 24 Маусым, 2026 14:32