Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үй алуға 10% бастапқы жарна жеткілікті болуы мүмкін: Қазақстанда қандай өзгеріс күтіліп отыр?

ипотека
Фото: pixabay.com

Елімізде ипотекаға үй алу үшін қажет бастапқы жарна 10%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Билік бұл ұсынысты келесі жылы таныстыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкіметтегі брифингте журналист Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбековке халыққа қолжетімді ипотека бағдарламалары көбейе ме деген сұрақ қойды. Бұл мәселе әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасына өтінім қабылдау бір күнде тоқтағаннан кейін көтерілген.

Бақытжан Жүнісбековтің айтуынша, қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "Отбасы банкпен" бірге үй алушылардың алғашқы жарнасын азайтудың жолын іздеп жатыр.

"Қазір бастапқы жарнаны 10%-ға дейін төмендету мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. "Отбасы банкпен" бірге оның қаржылық есебін жүргізіп жатырмыз. Жаңа ұсыныстарды шамамен 2027 жылы таныстыруды жоспарлап отырмыз", – деді ол.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков те жеңілдетілген ипотекаға сұраныстың жоғары екенін жасырмады. Алайда мұндай бағдарламалардың көбеюі мемлекеттен қанша ақша бөлінетініне байланысты екенін айтты.

"Қосымша қаржы болса, бағдарламаларды кеңейтуге дайынбыз. Бұл баспана алуға ниетті азаматтардың сұранысын өтеуге көмектеседі", – деді Олжас Сапарбеков.

"Ұмай" ипотекасына бөлінген ақша бір күнде таусылған

Еске салсақ, 3 қарашада "Отбасы банк" әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасына өтінім қабылдауды бастаған еді. Алайда баспана алуға ниеттілердің көп болғаны сонша, банк бір күннен кейін өтінім қабылдауды тоқтатты.

Небәрі бір күнде 850 адам өтінім берген. Олар сұраған несиенің жалпы көлемі 20 миллиард теңгеге жетіп, бағдарламаға бөлінген қаржы лимиті таусылған.

"Ұмай" бағдарламасы бойынша үй алғысы келетін әйелдер ірі қалаларда баспана құнының 20%-ын, ал өңірлерде кемінде 15%-ын бастапқы жарна ретінде жинауы керек.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 12:33