Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұмай" ипотекасына өтінім қабылдау тоқтатылды: 20 миллиард теңгелік лимит бір күнде игерілген

Баспана кілті
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда "Ұмай" ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау тоқтатылды. 3 қарашада басталған екінші кезеңде бөлінген 20 миллиард теңге бір күннің ішінде толық игерілген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Отбасы банк мәліметінше, өтінім қабылдау басталғаннан кейін алғашқы төрт сағатта 524 өтінім түсіп, олардың жалпы сомасы 12,5 миллиард теңгеге жеткен. Сағат 16:00 шамасында бөлінген қаражаттың толық игерілуіне байланысты өтінім қабылдау тоқтатылды.

Жалпы бір күнде қазақстандық әйелдерден 20 миллиард теңгеге 850 өтінім түскен. Оның 352-сі Отбасы банк кеңесшілері арқылы берілген. Қабылданған барлық өтінім алдын ала мақұлданған. Бұл мақұлдау бір ай бойы жарамды. Осы уақыт ішінде қатысушылар баспана таңдап, оны сатып алу үшін несиеге өтінім беруі керек.

Отбасы банк мәліметінше, 390 қатысушы жалпы сомасы 9,5 миллиард теңге болатын несие өтінімін тапсырып үлгерген.

Айта кетейік, "Ұмай" – Отбасы банктің салымшы әйелдеріне арналған ипотекалық бағдарлама. Бағдарламаның көмегімен жаңа салынған және құрылысы жүріп жатқан үйлерден баспана алуға болады. Бұл үшін құрылыс компаниясында Қазақстанның Тұрғын үй компаниясының кепілдігі немесе банктік сақтандыру болуы міндетті.

Сонымен қатар 2016 жылдан кейін салынған тұрғын үйлерді екінші нарықтан да сатып алуға мүмкіндік бар.

Бағдарлама аясында қарыз алушы тұратын баспанасын жөндеуге де несие ала алады.

Бағдарламаға қойылатын талаптар:

  • отбасының ең жоғары табысы 1 миллион 250 мың теңгеден аспауы керек;
  • сатып алынған немесе жөнделетін баспанада қарыз алушының өзі тұруы міндетті;
  • соңғы алты айдағы төлем қабілетін растайтын құжаттар ұсынылуы қажет.

 

Ипотеканың шарттары қандай?

Бағдарлама бойынша берілетін ипотеканың ең жоғары сомасы – 50 миллион теңге. Ал тұрғын үйді жөндеуге 15 миллион теңгеге дейін несие алуға болады.

Несие жылдық 14,8%-дық мөлшерлемемен беріледі. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 16,3–16,8%. Бастапқы жарна ірі қалаларда 20%, ал өңірлерде 15%-дан басталады.

Келесі кезең бола ма?

Еске салсақ, "Ұмай" бағдарламасының алғашқы қаржыландыру траншы 2026 жылғы 31 тамызда бөлінген еді. Ол кезде де өтінім қабылдау басталған күні тоқтап, 9 миллиард теңге бір күнде игерілген.

3 қарашадағы мәлімет бойынша, оның 96 пайызы игеріліп, жалпы сомасы 8,6 миллиард теңге болатын 435 несие берілген.

Отбасы банк өкілдерінің хабарлауынша, 3 қарашада өтінім беріп үлгермеген әйелдер қаржыландырудың келесі транштары бөлінгеннен кейін бағдарламаға қайта қатыса алады.

Келесі өтінім қабылдау кезеңінің нақты күні қосымша жарияланады.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 20:31