ҚазҰУ-дағы студент өлімі: Ақша бопсалау туралы ақпарат тарады, екі басшы жұмыстан босатылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің қазасынан кейін екі басшы қызметінен босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні болған. Kozachkov offside Telegram-арнасында жариялаған мәліметінше, университет жатақханаларының біріне алдымен жедел жәрдем, кейін полиция қызметкерлері келген.
Журналистің жазуынша, оқиға алдында екінші курс студенттері бірінші курс студенттерін сөйлесуге шақырған. Университетте айтылып жүрген болжамдардың біріне сәйкес, жоғары курс студенттері төменгі курс студенттерінен ақша талап еткен. Осыдан кейін жастар арасында жанжал шыққан.
Козачковтың мәліметінше, жанжал кезінде екінші курс студенті бірінші курста оқитын жігіттің іш тұсынан үш рет жұдырықпен ұрған. Соққы алған студент құлап, сол күйі есін жимаған. Оқиға орнына шақырылған дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады.
Журналист марқұмның өліміне іш тұсынан алған ауыр соққы салдарынан жүрегінің тоқтауы себеп болуы мүмкін екенін жазды. Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдіктінің ұсталғанын растады. Өлімнің соққыдан болғанын растамады.
Университет басшылары қызметінен босатылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттің қазасына байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Оқу орнының хабарлауынша, тәрбие жұмысы мен жатақханадағы қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және География және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметінен босатылған.
"Болған оқиға – университет қауымы үшін орны толмас ауыр қайғы. Студентіміздің қазасы қабырғамызды қайыстырды. Орын алған қайғылы жағдайға байланысты университет басшылығы тарапынан шұғыл шаралар қабылданды. Тәрбие жұмысын ақсатқаны, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті тиісті деңгейде қамтамасыз ете алмағаны үшін проректор мен факультет деканы лауазымдарынан босатылды", – делінген университет мәлімдемесінде.
Сондай-ақ оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілген. Қазір олардың әрекетіне құқықтық баға беріліп жатыр.

Университет басшылығы барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтілгенін хабарлады. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға психологиялық көмек көрсету үшін қосымша шаралар қабылданған.
"Университет бұл оқиғаға қатысты ешқандай деректі жасырмайды. Құқық қорғау органдары жүргізіп жатқан тергеуге толық көмек көрсетіп жатырмыз және істің әділ, ашық өтуіне тікелей мүдделіміз", – деп мәлімдеді оқу орны.
Университет марқұмның отбасына көңіл айтып, қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Қазір студенттің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның нақты мән-жайы анықталуда.
Еске сала кетейік, өткен аптадағы жұмадан сенбіге қараған түні ҚазҰУ-дағы Журналистика факультетінің студенттері тұратын №5 жатақханада белгісіз себептермен 1-курс студенті қайтыс болды. Студенттердің сөзінше, марқұм жатақханада өз-өзіне қол жұмсаған.
13 жыл бұрын үздік атанған алты шенеуніктің бесеуі сотталып кетті: Бұған не әсер етті