Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәйіттің арқасы көгерген": ҚазҰУ-да жатақханадан өлі табылған студенттің анасы қызының өліміне қатысты күмәнін айтты

Жанель Қарамысова
Фото: Stan.kz

Алматыдағы ҚазҰУ жатақханасынан бірінші курс студентінің мәйіті табылды. Шымкенттен оқуға келген Жанель Қарамысова журналистика факультетінде білім алған. Алдын ала болжам бойынша, бойжеткен өзіне қол салған. Алайда марқұмның жақындары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Қыздың анасы қызының өліміне қатысты барлық мән-жайдың анықталып, шындықтың ашылғанын қалайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марқұмның анасы Гүлнар Қарамысованың сөзінше, қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр. Одан жауап алынған, ал сараптама қорытындысы шамамен бір айдан кейін дайын болады екен.

"Бір бардық, бізден жауап алды. Сараптама қорытындысы бір айдан кейін шығатынын айтты. Барлығы сол кезде белгілі болады екен. Менің бар талабым – шындықты білгім келеді. Ол өзіне қол салатын қыз емес еді, ондай жағдайда да болған жоқ. Жанында болмағандықтан, мен де нақты білмеймін. Біреуден қысым көрді ме, әлде біреуге ренжіді ме, оны айта алмаймын. Ақша жағынан ешқандай қиындық болған жоқ. Менен сұраған сайын беріп отырдым. Азық-түлігіне дейін жіберіп жүрдік. Маған тек шындық керек. Әділдік керек", – деді анасы.

Сондай-ақ әйел қызының ұялы телефоны полицияда екенін жеткізді. Құқық қорғау органдары құрылғыны тексеру үшін алып қалған.

Марқұмның анасы қызының денесінен көгерген іздер байқағанын да айтты. Алайда олардың қашан және қандай жағдайда пайда болғанын нақты білмейтінін жеткізді.

"Телефоны полицияда қалды. “Бермейміз” деді. Барлығын тексереді екен. Мәйіттің арқасы көгерген. Қолында қара із болды, саусақ іздерін алған секілді. Моргтағылардың айтуынша, адам қайтыс болғаннан кейін қанның барлығы арқасына жиналады екен. Қолдары да көгерген. Оны бұған дейін болған белгі деп айтты, біз де нақты білмейміз. Аяқтары да көгерген сияқты, бірақ анық көре алмадым. Жүрегім ауырып тұрғандықтан, тек басынан сипай алдым", – дейді әйел.

Анасының айтуынша, жатақханадағы оқиғаның қалай болғаны жөнінде әртүрлі ақпарат тараған. Біреулер бойжеткен йод ішкен болуы мүмкін десе, жатақханадағы студенттердің сөзінше, ол бөлмесінде белдікпен шкафқа асылып қалған.

"Біз жатақхананың алдына бардық. Біреулер йод ішкен дейді. Ешкім нақтысын білмейді. Барлығынан сұрақ-жауап алынған. Студент қыздардың айтуынша, белдікпен шкафқа асылып қалыпты. Олар көргенде қайтыс болып кетіпті. Сол қыздардың айтуынша, менің қызым қасында жатқан бөлмелес қызына “Қашан келесің?” деп жазған екен. Ол қыз сабақта болыпты. Оқиға сол уақытта болған дейді", – деп еске алды марқұмның анасы.

Сонымен қатар әйел қызының үйін қатты сағынып жүргенін, оқуға түскелі бері Шымкентке бірнеше рет келіп кеткенін айтты. Анасы қызымен күн сайын хабарласып тұрған.

"Менің қызым жалындап тұрған қыз еді. Өлер алдында қанша рет келіп кетті, “Үйімді сағындым” деп. Мен оған ұрысып жүр едім, ақшаңды жолға құртып жүрсің деп. Жуырда, қазан айында болса керек, демалыс кезінде “Ет алдым” деп еді. “Сіздің тамағыңызды сағындым” деді. “Болды, қызым, келе бер” дедім. Оқуға түскелі 3-4 рет келіп кетті. Жолда жүргенінде қатты уайымдайтынмын. Күн сайын хабарласып тұрдық", – деді анасы.

Оның сөзінше, студент қыз жақында ауырып қалған кезде де анасына қаржының көп жұмсалып жатқанын айтқан. Сол кезде анасы қызының Шымкентке қайтып, емделуін сұрап, тіпті кураторымен де сөйлескен.

"Өткенде бір ауырып қалды. Сол ауырған кезінде “Мама, ақша көп кетіп жатыр” деді. Мен Шымкентке қайтуын сұрадым. Тіпті кураторына қоңырау шалдым. Ол кісі сабақтан жібере алмайтындарын айтты. Сосын емделмеген соң, Шымкентке келіп, бес күн жатып, дәрі алып, емделіп кетті. Сосын оқуына қайта барды. Шәкіртақысын алғанда да қуанып хабарласты. Сол кезде де Шымкентке келіп, киім-кешек алып кетті", – деді ол.

Қазір Жанель Қарамысованың өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Марқұмның анасы сараптама нәтижесі шыққаннан кейін оқиғаның барлық мән-жайы анықталады деп үміттенеді.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің бірінші курс студенті қаза тапқаны туралы жазған едік.

Қайғылы оқиға кешкі сағат 21:00-де болған. 1-қабаттағы асханада тамақ пісіріп жатқан студенттерге бір қыз жүгіріп келіп, жоғары қабатта мәйіт жатқанын айтқан. Ер балалар бірден бөлмеге барғанымен, ол жерге кіруге жүрексінген. Марқұмның денесі бөлмеде асылып тұрған. Студенттер денесін түсіріп, оны төсекке жатқызып, жүрек соғысын тексерген, алайда қыз жан тапсырған.

Алматы қалалық полиция департаменті әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бірінші курс студенті көз жұмғанын растады. Қыздың өліміне қатысты тергеу басталған. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 20:10