Қазақстанға 2027 жылғы қажылыққа 4300 орын бөлінді
Қазақстан 2027 жылы қажылық парызын өтеуге баратын азаматтар үшін 4300 орындық квота алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) мәліметінше, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында 2027 жылғы қажылыққа байланысты келісім жасалған.
Құжатқа ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен Сауд Арабиясының қажылық және ұмра министрі Тауфик ибн Фаузан ар-Рабиа қол қойды.

Келісім екі ел арасындағы қажылық сапарын ұйымдастыру жұмыстарын үйлестіруді көздейді. Сондай-ақ қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын қамтамасыз ету, қауіпсіздік талаптары мен медициналық нормаларды сақтау мәселелері қамтылған.
Бұдан бөлек, құжатта қажыларды орналастыру, тасымалдау және қажылық кезінде қажетті қызметтерді ұйымдастыру бойынша тараптардың міндеттері айқындалған.
Еске салсақ, бұған дейін ҚМДБ 2027 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыруға рұқсат алған төрт туроператорды анықтаған еді. Конкурс қорытындысы бойынша "Атлас Туризм", "Нұрхан Тревел", "Тауаф Тревел" және "Хикмет Тревел" компаниялары қажылық сапарын ұйымдастыруға лайық деп танылған.
Туроператорларды арнайы комиссия іріктеген. Компаниялардың қажылық және ұмра сапарларын ұйымдастыру тәжірибесі, қызмет көрсету көрсеткіштері, туркодтары мен лицензиялары тексерілген. Сондай-ақ олардың ұйымдастыру мүмкіндігі мен Сауд Арабиясының қажылыққа қатысты талаптарына сәйкестігі ескерілген.
