Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Келесі жылы қазақстандықтар тек төрт туроператормен ғана қажылыққа бара алады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы
Фото: pixabay.com

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2027 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыратын төрт туроператорды іріктеп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Конкурс қорытындысы бойынша "Атлас Туризм", "Нұрхан Тревел", "Тауаф Тревел" және "Хикмет Тревел" компаниялары қажылық сапарын ұйымдастыруға лайық деп танылды.

Туроператорларды арнайы комиссия іріктеген. Компаниялардың қажылық және ұмра сапарларын ұйымдастыру тәжірибесі, қызмет көрсету көрсеткіштері, туркодтары мен лицензиялары тексерілген. Сондай-ақ олардың ұйымдастыру мүмкіндігі мен Сауд Арабиясының қажылыққа қатысты талаптарына сәйкестігі ескерілген.

 Комиссия туроператорларды балдық жүйемен бағалап, қажылық орындарын төрт компания арасында бөлді.
Ал конкурстан өтпеген туроператорлар қажылық сапарын өз бетінше ұйымдастыра алмайды. Алайда олар іріктеуден өткен төрт компанияның бірімен келісіп, субагент ретінде қажыларға қызмет көрсете алады.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 16:16