Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

SCAT әуе компаниясы екі жаңа Boeing 737 MAX 8 ұшағын 12 жылға лизингке алмақ

Ұшақ
Фото: scat.kz

Қазақстандық SCAT әуе компаниясы әуе паркін тағы екі жаңа Boeing 737-8 (Boeing 737 MAX 8) ұшағымен толықтырмақ. Компания әуе кемелерін 12 жыл мерзімге лизингке алу туралы келісім жасасуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

SCAT акционерлері екі ұшақты ұзақ мерзімге жалға алу жөніндегі ірі мәмілені мақұлдаған. Келісім Ирландияда тіркелген әрі авиациялық лизинг саласында жұмыс істейтін Oozlum Aviation Capital компаниясымен жасалмақ. Алайда мәміленің жалпы құны әзірге жарияланған жоқ.

Айта кетейік, SCAT әуе компаниясы биыл сәуірде Boeing компаниясымен жаңа ұшақтарды жеткізу жөнінде келісімшарт жасасқан еді. Ол кезде компания екі Boeing 737-8 және сыйымдылығы жоғары бес Boeing 737-9 ұшағына тапсырыс берген.

Қазір SCAT әуе паркіндегі Boeing 737 MAX әуе кемелерінің саны 14-ке жеткен. Оның тоғызы – 737-8, ал бесеуі – 737-9 үлгісіндегі ұшақтар.

Boeing 737 MAX – 2017 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан орта қашықтыққа ұшуға арналған ұшақтар тобы. Boeing 737-8 үлгісі 187 жолаушыға дейін тасымалдап, 6,5 мың шақырымға дейін ұша алады. Ал Boeing 737-9 ұшағының сыйымдылығы 213 жолаушыға дейін жетеді.

Еске салсақ, бұған дейін SCAT-тың 2025 жылғы таза пайдасы Air Astana-дан 6 есе көп болғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 18:31