Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

SCAT-тың 2025 жылғы таза пайдасы Air Astana-дан 6 есе көп болған

Scat Airlines
Фото: Scat Airlines ресми сайтынан

Қазақстанның екі ірі әуе тасымалдаушысының 2025 жылғы қаржылық көрсеткіштері салыстырылды. Air Astana түсім, активтер және операциялық ақша ағыны бойынша SCAT-тан айтарлықтай ірі болғанымен, SCAT таза пайда көлемі мен рентабельділік бойынша қарсыласынан озды. Компанияның таза пайдасы 39,3 миллиард теңге болса, Air Astana-да көрсеткіш 7 миллиард теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Air Astana 2025 жылы 759,0 миллиард теңге көлемінде түсім және өзге де кіріс алған. Ал SCAT-тың бұл көрсеткіші 322,5 миллиард теңгеге жетті. Яғни бизнес ауқымы бойынша Air Astana шамамен 2,4 есе ірі.

Алайда таза пайда көрсеткішінде жағдай керісінше. SCAT-тың таза пайдасы 39,3 миллиард теңге, ал Air Astana-ныкі 7,0 миллиард теңге болды.

Осылайша, SCAT түсімі айтарлықтай аз болғанына қарамастан, шамамен 5,6 есе көп пайда тапқан. Мұндай айырмашылық таза рентабельділіктен де анық байқалады. SCAT-тың таза маржасы шамамен 12,2% болса, Air Astana-да бұл көрсеткіш небәрі 0,9% болды.

Дегенмен бұл көрсеткіштерді тікелей салыстыруда абай болған жөн. SCAT-тың 2025 жылғы қаржылық нәтижесіне 12,3 миллиард теңге көлеміндегі бағамдық айырмадан түскен пайда айтарлықтай әсер етті. Ал Air Astana-да жағдай керісінше болды: компания бағамдық айырмадан 4,1 миллиард теңге шығын көрген.

Бұдан бөлек, Air Astana-ның 45,8 миллиард теңге операциялық пайдасының 19,3 миллиард теңгесі алты қосалқы қозғалтқышты сатып, кейін оларды кері жалға беруден түскен пайдаға тиесілі болды.

Ақша ағындарының көлемі бұдан да қатты ерекшеленеді. Air Astana операциялық қызметтен 128,0 миллиард теңге ақша ағынын қалыптастырса, SCAT-та бұл көрсеткіш шамамен 30,4 миллиард теңге болды. Яғни операциялық қызметтен тікелей ақша қалыптастыру қабілеті бойынша Air Astana шамамен төрт есе ірі.

Айырмашылық компаниялардың балансынан да анық көрінеді.

Air Astana:

  • активтер – 1,04 трлн теңге;
  • капитал – 186,7 миллиард теңге;
  • ақша қаражаты – 239,1 миллиард теңге.

SCAT:

  • активтер – 411,9 миллиард теңге;
  • капитал – 120,1 миллиард теңге;
  • ақша қаражаты – 28,7 миллиард теңге.

Сонымен қатар екі компанияның да 2025 жылы қарыз жүктемесі айтарлықтай өскен. Бұған негізінен әуе кемелері паркін кеңейту және авиациялық лизинг әсер еткен.

Air Astana-ның лизингтік міндеттемелері 528,0 миллиард теңгеге дейін өскен. Ал SCAT-тың банктік қарыздары мен лизингтік міндеттемелерінің жалпы көлемі 238,1 миллиард теңгеге шамалас.

Осылайша, Air Astana түсім, активтер, ақша ағындары және әуе кемелері паркінің көлемі бойынша SCAT-тан едәуір ірі. Алайда SCAT 2025 жылды таза пайда мен рентабельділік көрсеткіштері бойынша айтарлықтай жоғары нәтижемен аяқтады.

Еске салайық, бұған дейін Air Astana 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында кірісін 16,1%-ға арттырғанымен, таза шығынға шықты. Компанияның жалпы кірісі 763,9 миллион доллар болса, таза шығыны 21,2 миллион доллар болды. Бұған операциялық шығындардың 22,5%-ға өсуі, оның ішінде отын, техникалық қызмет көрсету және персонал шығындарының қымбаттауы әсер етті.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 11:48