Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Илон Маск Tesla енді Cybertruck көлігін шығармайтынын мәлімдеді

Кибертанк
Фото: wroom.ru

Америкалық кәсіпкер Илон Маск Tesla компаниясы 2027 жылдың ортасынан бастап Cybertruck көлігін шығаруды тоқтататынын мәлімдеді. Өйткені ерекше пішінімен жұрт назарын аударған бұл көлік көп сұранысқа ие болмаған. Оның үстіне бағасы да қымбат. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CBS News-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Илон Масктың айтуынша, Cybertruck АҚШ-тың Техас штатындағы зауытта шығарылады. Алайда келесі жылдың ортасынан бастап оны құрастыру тоқтайды. Компания оның орнына адам басқармайтын Cybercab таксилерін көбірек шығаруды көздеп отыр.

Cybertruck – Tesla компаниясының сыртқы келбеті өзгеше электрлі жүк көлігі. Ол алғаш рет 2019 жылы таныстырылып, 2023 жылдың соңында сатылымға шыққан. Алайда көпшілік қызығушылық танытқанымен, көлікті сатып алушылар саны Маск күткендей көп болмады.

Бастапқыда кәсіпкер жыл сайын 250 мың Cybertruck сатуды жоспарлаған. Бірақ іс жүзінде бұл көрсеткішке жете алмаған. Kelley Blue Book компаниясының дерегінше, 2024 жылы 38 965 көлік сатылса, 2025 жылы небәрі 20 237 адам сатып алған. Яғни бір жылдың ішінде сатылым екі есеге жуық азайған.

Бұған көліктің қымбаттығы мен жиі анықталған техникалық ақаулар да әсер еткен болуы мүмкін. Cybertruck бірнеше рет ақауларын жөндеу үшін кері қайтарылған. Мәселен, оның артқы көріністі көрсететін камерасынан, газ педалінен және басқа да бөлшектерінен кемшілік табылған. Ал Tesla-ның Model Y және Model 3 көліктері әлі де жақсы сатылып жатыр. Компания сатылымының басым бөлігі осы екі көлікке тиесілі.

Уолл-стрит сарапшысы Дэн Айвздің айтуынша, Илон Маск ендігі күшін адам еңбегін алмастыратын роботтар мен жүргізушісіз жүретін көліктерді дамытуға жұмсамақ.

"Маск қазір роботтар мен жүргізушісіз жүретін таксилерге басымдық беріп отыр. Cybertruck өндірісінің тоқтауы зауытта жаңа көліктерді көбірек шығаруға жол ашады", – деді сарапшы.

Айта кетейік, Tesla жүргізушісіз жүретін Cybercab көлігін 2024 жылы таныстырған. Бұл көліктің өзгелерден айырмашылығы – ішінде рөлі де, газ бен тежегіш басқыштары да жоқ. Екі адамға арналған такси өздігінен жүретіндей етіп жасалған.

 

Компания биыл сәуірде Техаста Cybercab көлігін шығара бастады. Ал қыркүйекте Остин қаласында жүргізушісіз такси қызметі іске қосылған.

Әзірге Tesla Cybertruck көлігін шығаруды біржола тоқтата ма, әлде өндірісті басқа зауытқа көшіре ме, ол жағы белгісіз болып отыр.

 Еске салсақ, бұған дейін Tesla компаниясының автопилот жүйесіне байланысты АҚШ-та сот ісі қозғалған еді. 2019 жылы Флорида штатында Tesla Model S көлігі жол жиегінде тұрған жол талғамайтын көлікті байқамай, апатқа ұшыраған. Салдарынан 22 жастағы қыз қаза тауып, жанындағы жігіті ауыр жарақат алған. Марқұмның отбасы көліктің автопилот жүйесінде ақау болғанын айтып, компанияны сотқа берген.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 16:32