Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жүргізушісіз такси сынақтан өтіп жатыр: Аталмыш қызмет түрін іске қосу үшін арнайы заңнама әзірленбек

Алматы көшелерінде Yandex-тің алғашқы жүргізушісіз көлігі сынақтан өтіп жатыр. Қазір арнайы көлік қала ішінде бірнеше мың шақырым жүріп, жолдар мен маршруттар туралы дерек жинауы керек. Ал жолаушыларды тасымалдауды бастау үшін Қазақстанда жүргізушісіз көлікке арналған құқықтық тетіктер әзірленбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жүргізушісіз көлікті Қазақстанда іске қосу мерзіміне қатысты жауапты тұлғалардан жобаның қай кезеңде тұрғанын сұрады.

Yandex Qazaqstan өкілі Кирилл Сабаевтың айтуынша, алғашқы пилоттық көлік Алматы көшелерінде нақты жол жағдайында сынақтан өтіп жатыр.

"Ол қала карталарын жинақтап, нақтылап жатыр. Бізге осындай режимде бірнеше мың шақырым жүру қажет. Содан кейін алғашқы коммерциялық сапарларды бастай аламыз деп үміттенемін", – деді Кирилл Сабаев.

Сынақ кезінде көлік қаладағы қозғалыс ерекшеліктерін меңгеріп, маршруттарды тану, жол белгілері мен өзге де инфрақұрылым нысандарын анықтау жүйелерін тексереді. Сонымен бірге жиналған деректер Алматының жүргізушісіз көлікке қажет егжей-тегжейлі цифрлық жол картасын жасауға пайдаланылады.

Жобаны толық іске қосуға кедергі болып отырған негізгі мәселенің бірі – жүргізушісіз көліктерді реттейтін арнайы құқықтық базаның болмауы. Автономды көлікті жолаушылармен бірге жалпыға ортақ жолдарға шығару үшін тиісті нормативтік актілер мен эксперименттік-құқықтық режим қажет.

Үкімет отырысында бұл бағыттағы жұмыстардың Астана, Алматы және елорда маңындағы Қосшы қаласында қатар жүргізілетіні айтылды. Осы аумақтарда жүргізушісіз көлікке қажетті инфрақұрылым мен құқықтық тетіктер сынақтан өтпек.

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қажетті нормативтік база әзірленіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, жүргізушісіз таксидің коммерциялық сапарларын келесі жылы бастау жоспарланған.

 

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 22 Қыркүйек, 2026 14:29