Қазақ тілін дамыту қорында 824 миллион теңге жиналған: Қор басшысы Тоқаевқа жаңа жобаларды баяндады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Сондай-ақ қоғам басшысы қазақ тілін дамытуға арналған қорда 824 миллион теңге жиналғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Рауан Кенжеханұлы Президентке "Қазақ тілі" қоғамы үш бағытта жұмыс істеп жатқанын айтты. Олар – қазақ тілін оқыту тәсілдерін жетілдіру, қазақша контентті көбейту және жаңа технологиялар арқылы тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Рауан Кенжеханұлының айтуынша, OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында қазақ тіліндегі 14 миллиард токеннен тұратын мәтін қоры жасалып, 12 мың сағаттық аудиожазба жиналған. Ал соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тіліне дубляждалып, үлкен экранға шыққан.

Сондай-ақ Рауан Кенжеханұлы Qazaq Tili Endowment қорының жұмысына тоқталды. Қазір қорға түскен жарна көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.
Президент мемлекеттік тілді үйрету, сондай-ақ ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті.
Еске салсақ, Тоқаевтың сынынан кейін Қазақстанда ақылы жолдармен жүру жүйесін өзгерту ұсынылған еді. Жаңа тәсілдер отандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты болмақ.