Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың сынынан кейін Қазақстанда ақылы жолдармен жүру жүйесін өзгерту ұсынылды

Жүк көлік
Фото: Pexels

Қазақстанда жүк көліктерінің ақылы жолдармен жүру ақысын есептеу жүйесін жаңарту ұсынылды. Жаңа тәсілдер отандық және шетелдік жүк тасымалдаушыларға қатысты болмақ. Ал жеке жеңіл көлік иелері үшін жол жүру тәртібі өзгермейді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен жұмыс тобының алғашқы отырысында талқыланды.

Үкімет өкілдерінің айтуынша, қазір Қазақстанда жол салуға бюджеттен қаржы бөлінгенімен, оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындары да мемлекет есебінен өтеледі. Сондықтан жол инфрақұрылымын күтіп ұстауға қажетті қаражатты ақылы жолдар арқылы түсетін төлемдер есебінен қалыптастыру жолдары қарастырылып жатыр.

“Біз автомобиль жолдарын салып жатырмыз, бірақ оларды күтіп ұстау мен жөндеу шығындарын әлі де бюджеттен өтейміз. Жол инфрақұрылымы өз шығынын өзі өтейтін жүйе қалыптастыру қажет”, – деді Серік Жұманғарин.

Жүк тасымалдаушыларға қандай өзгерістер ұсынылды?

Жиында бірнеше бастама көтерілді. Сақтандыру саласының сарапшысы Айгерім Қарабыйықоғлу Қазақстан мен көрші елдердегі ақылы жол тарифтерінің айырмашылығына назар аударды. Ол тарифтерді өңірдегі ортақ деңгейге жақындату және отандық тасымалдаушыларға бөлек жағдай қарастыру мүмкіндігін зерттеуді ұсынды.

Сонымен қатар шетелдік жүк көліктері Қазақстан шекарасынан өткен кезде сақтандыру тетігін енгізу мәселесін көтерді. Мұндай жүйе ауыр көліктердің жолға келтіретін зиянын өтеуге және жолдарды жөндеуге қосымша қаражат жинауға көмектесуі мүмкін.

“ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының бизнес-талдаушысы Фархад Нұрқамалов жүк тасымалымен айналысатын компанияларға жылдық абонемент енгізуді ұсынды. Бұл тәсілде компаниялар бір жылда жүретін жол қашықтығын алдын ала төлейді. Нәтижесінде жиі қатынайтын тасымалдаушылар жол шығынын жоспарлап, төлемге кететін қаражатты оңтайландыра алады. Тағы бір ұсыныс – жол ақысын көліктің түрі мен техникалық сипаттамасына қарай белгілеу. Көлік және логистика саласының сарапшысы Болатбек Нәжметдинұлы тарифті автомобильдің экологиялық класына, шығарындыларына және жол жамылғысына түсіретін салмағына қарай саралауды ұсынды.

Бұдан бөлек, жүк көліктерінің қозғалысын цифрлық құралдар арқылы бақылауды кеңейту мәселесі талқыланды. Бұл ақылы жолдармен жүрген көліктерді бақылап, жол ақысын төлеу тәртібінің сақталуын қадағалауға мүмкіндік береді.

Нақты шешім қашан қабылданады?

Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин ұсыныстарды мемлекеттік органдармен, салалық қауымдастықтармен және бизнес өкілдерімен бірге пысықтауды тапсырды.

Алғашқы ұсыныстар қараша айының соңына дейін дайындалып, жұмыс тобының келесі отырысында қаралады. Әзірге жүк көліктеріне арналған төлем жүйесінің қалай өзгеретіні және тарифтердің қанша болатыны белгісіз.

Үкіметтің талқылап отырған бастамалары коммерциялық жүк тасымалына бағытталған. Жеке жеңіл көлік иелерінің ақылы жолдармен жүру тәртібіне өзгеріс енгізу қарастырылмаған.

Айта кетейік, Тоқаевтың сынынан кейін Қазақстанда ақылы жолдармен жүру жүйесін өзгерту ұсынылды.

Айнура Дарибаева
Жұма, 06 Қараша, 2026 10:35