Елдегі барлық жолдарға енді Көлік министрлігі жауап береді: Президент жолдарды толық жаңғыртуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында Қазақстандағы жол сапасын жақсарту және шекарадағы көлік кептелісін азайту мәселесін көтерді. Ол келер жылы барлық автомобиль өткізу бекетін жаңғыртуды аяқтап, республикалық және жергілікті жолдардың сапасын жақсартуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаев еліміздің барлық аймағын байланыстыратын жолдарды дамытып, жол сапасын жақсарту маңызды міндет екенін айтты.
"Еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Демек біздің алдымызда жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті әлі де тұр. Бұл, әсіресе, солтүстік аймақтарға қатысты өзекті мәселе. Сондықтан ендігі кезекте "Көкшетау – Петропавл" тас жолын кеңейту ісіне кірісу керек. Автокөлікпен жүк тасымалдайтын отандық кәсіпкерлерімізге жәрдем көрсету қажет. Себебі Қазақстан арқылы өтетін автокөлік транзитінің жартысынан көбі шетелдіктерге тиесілі. Осы саланы да ретке келтіретін уақыт келді, Үкімет тиісті іс-әрекеттерді қолданады”, – деді ол.
Президент сонымен қатар, келер жылы барлық автомобиль өткізу бекетін сапалы реконструкциялауды аяқтауды тапсырды.
“Осы уақытқа дейін бұл жұмыс дұрыс жүргізілмеді. Алдымызда республикалық және жергілікті маңызы бар барлық автомобиль жолын сапалы салу міндеті тұр. Барлық жолды айтып отырмын. Орталықтағы және жергілікті атқарушы органдар түрлі ережелер мен талаптарды сылтауратып, бұл мәселені бір-біріне ысыра берді. Соның салдарынан мәселе шешілмей, тығырыққа тірелді. Сондықтан мынадай тапсырма беремін: республикалық маңызы бар жолдар болсын, жергілікті жолдар болсын, олардың барлығына Көлік министрлігі арқылы Үкімет жауапты болуы керек. Республикалық жолдар барлық жолдың шамамен 26 пайызын құрайды. Ал жергілікті жолдар әкімдіктердің қарамағында. Тағы да қайталаймын: бізге сапалы жолдар қажет! "Битумның, қиыршықтастың сапасын" сылтауратып, жауапкершіліктен жалтаруға болмайды”, – деп қосты ол.
Тоқаев бұл Қазақстанның жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық хабы болуы үшін өте маңызды екенін атап өтті.
“Еске саламын, сапалы жолдар мен заманауи жол бойы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық хабы болуға үміт арта алмайды. Мәселенің маңызы осындай. Оны қалай болғанда да шешу қажет. Егер шекара ұзындығы бірнеше шақырымға созылатын көлік кептелісін тудыратын "тар өткелге" айналса, ал дәл қазір осындай жағдай болып отыр, онда Қазақстанның көлік саласында көшбасшы болу туралы сөз қозғаудың өзі артық”, – деді ол.
Мемлекет басшысы Еуропа мен Азия арасындағы негізгі әуе дәліздері де еліміздің аумағы арқылы өтетінін еске салды.
“Бұл — Қазақстан үшін орасан зор бәсекелестік артықшылық. Алайда әзірге бұл артықшылық тек әдемі презентацияларда ғана айтылып жүр. Осы мүмкіндікті іс жүзінде пайдалану үшін жердегі сервистік инфрақұрылымды дамыту қажет. Бұл — әлемдік тәжірибе. Ал қазір қомақты табыс еліміздің жанынан өтіп, басқа жаққа кетіп жатыр. "Air Cargo" жеке компаниясына үлкен үміт артылып отыр. Компанияның қаржыландыру мүмкіндігі мол, оның ішінде шетелдік жетекші мамандардың еңбекақысын төлеуге де әлеуеті жеткілікті. Сондай-ақ өз бетінше шешім қабылдай алады. Алайда әзірге нақты шешім де, нәтиже де жоқ. Сіздерге сенім артылды. Енді нақты нәтиже күтеміз”, – деп қорытты ол.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдау жариялаған еді. Ол әлем бұлыңғыр дәуірге аяқ басқанын алға тартып, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту керегін айтты.
Алматылықтар үй сыртындағы тарихи тақталарды алып тастауға қарсы шықты
