Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Мәскеуге барады: ҰҚШҰ саммитінде қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күрес мәселелері талқыланады

 

Тоқаев Путин
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қарашада Мәскеуде өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммитіне қатысады. Жиында ұйымға мүше елдердің қауіпсіздігі мен халықаралық мәселелер қаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кремльдің мәліметінше, саммитте мемлекет басшылары елдердің қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз ету, өзара ынтымақтастықты нығайту және әлемдегі қазіргі жағдайды талқылайды.

Кездесу қорытындысында бірнеше құжатқа қол қойылмақ. Соның бірі – Ресейдің бастамасымен әзірленген 2030 жылға дейінгі терроризмге қарсы күрес стратегиясы. Сондай-ақ мемлекет басшылары қорытынды декларация қабылдайды.

Бұдан бөлек, жиында ҰҚШҰ-ға төрағалық ету мәселесі шешілмек. Қазір ұйымға Ресей төрағалық етеді. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл міндет Тәжікстанға беріледі.

Айта кетейік, ҰҚШҰ – мүше елдердің қауіпсіздігін бірлесіп қорғау үшін құрылған ұйым. Оның құрамына Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Армения кіреді.

Еске салсақ, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинде Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты пікір білдірген еді. Мемлекет басшысы Владимир Путинді Қазақстан, Орталық Азия және Еуропа үшін ең қолайлы саяси тұлға деп бағалады. Сондай-ақ Украинадағы әскери қимылдарды тоқтатып, мәселені келіссөз арқылы шешуді ұсынды. Тоқаев Қазақстан үшін Ресеймен де, Украинамен де жақсы қарым-қатынасты сақтау маңызды екенін атап өтті.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 16:43