Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Путин – әлем үшін ең қолайлы саяси тұлға": Тоқаев Ресей мен Украина соғысына қатысты сұрақтарға жауап берді

Тоқаев
Фото: akorda.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германия канцлері Фридрих Мерцпен келіссөздерден кейін Берлинде өткен бірлескен баспасөз мәслихатында журналистердің сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Неміс журналисі Тоқаевқа оның шілде айында Омбыда Владимир Путинмен кездескенін еске салды. Сол кезде Тоқаев әскери қимылдарды тоқтатып, келіссөздерге қайта оралу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді. Журналист Тоқаевтан қазіргі жағдайды қалай бағалайтынын сұрады.

Тоқаев сұраққа жауап бермес бұрын Путинмен қарым-қатынасына тоқталды.

"Бұл мәселеге қатысты жеке ұстанымымды үлкен түсіністікпен қабылдағаны үшін президент Путинге алғыс айтамын. Өйткені бәріміз, мемлекет басшылары, соның ішінде Ресей президенті де Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатуды қолдаймыз. Президент Путинмен қарым-қатынасым өте жақсы. Мен оны көрнекті мемлекеттік қайраткер деп санаймын. Бүгін мен Путиннің мемлекеттік қайраткер, Ресей басшысы ретінде, сіздерге біртүрлі естілуі мүмкін, бірақ Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа үшін де, жалпы әлем үшін де ең қолайлы саяси тұлға екеніне нық сеніммен айттым", – деді Тоқаев. 

Тоқаев әлі де әскери қимылдарды уақытша тоқтатып, кейін келіссөздерге көшу мүмкін деп санайтынын атап өтті.

"Мен соғысты дереу тоқтату керек деп айтқан жоқпын. Қазіргі жағдайда мұның шындыққа жанаспайтынын түсінемін. Мен Украина аумағындағы әскери қимылдарды тоқтатып, дипломатиялық немесе кез келген басқа келіссөздер үдерісіне көшу туралы айтып отырмын. Біздің ұстанымымыз – осы", – деді Тоқаев. 

Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Ресеймен де, Украинамен де қарым-қатынасты сақтап қалуды көздейді.

"Украина аумағында не болып жатқанына қарамастан, біз Ресейдің де, Украинаның да біздің жақсы достарымыз екенін әрдайым есте ұстаймыз. Ресейге қатысты Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырым болатын ортақ шекара бар екенін ұмытпау керек. Бұл – әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара. Қазақстан аумағында ұлты орыс 2,7 миллион азаматы тұрады. Елімізде православие шіркеуі де кеңінен таралған және біз оған үлкен құрметпен қараймыз", – деді президент. 

Жауабының соңында Тоқаев Қазақстан үшін бейбітшілік пен тұрақтылықтың аса маңызды екенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Қыркүйек, 2026 22:54