Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты уақытша тоқтатуды ұсынды

Тоқаев Украина Қазақстан соғыс
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты өз ұстанымын білдірді. Ол қақтығысты тоқтату мүмкіндігін ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақорда Тоқаевтың екі ел арасындағы қақтығыс туралы ойын айтты.

“Білесіздер, мен ең басынан-ақ бұл мемлекетаралық қақтығыс екенін айтып келемін. Бұл жерде қандай да бір азаматтық соғыс туралы сөз болып отырған жоқ. Біз әрдайым Украина халқына, оның мәдениеті мен тіліне құрметпен қарадық. Сонымен қатар бұл қақтығыстың табиғаты көпшілікке, соның ішінде бізге де толық түсінікті емес деп есептейміз.

Сіздердің Аляскадағы Анкоридж қаласында өткен кездесуде барынша дипломатиялық икемділік танытқандарыңызды білемін. Маған пікірімді жиі сұрайтындықтан, өзімнің қарапайым ойымды айтайын. Бәлкім, бұл қақтығысты уақытша тоқтатып, Ыстанбұл формуласы 2.0 нұсқасына қайта оралған жөн шығар. Себебі онда елеулі нәтижелерге қол жеткізілген болатын. Кейін, әрине, Ресейдің өзін қоса алғанда, ұлы державалардың кепілдігімен көптен күткен бейбітшілікке қарай ілгерілеуге болады”,  – деді президент.

Мемлекет басшысы осы тұста Қазақстанның делдал болуға қарсы екенін жеткізді.

“Қазақстан бұл мәселеде бейтарап емес. Дегенмен маған жасалған барлық ұсыныстар мен шақыруларға қарамастан, мен делдал болудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені Ресей – ұлы мемлекет, орыс халқы – ұлы халық. Сондықтан ол күн тәртібіндегі мәселелердің бәрін ешқандай делдалсыз-ақ өзі шеше алады деп есептеймін.

Алайда бүгін өз пікірімді айтуды жөн көрдім, өйткені жұрт менің Омбыға келуді жоспарлағанымды, біздің кездесуіміз болатынын білді. Бұл жағдайдан қалай шығу керектігін ешкім нақты білмейді. Себебі тараптардың өз ұстанымдары бар. Бірақ екінші жағынан, қақтығысты уақытша тоқтату мүмкіндігі де бар. Бұл халықаралық тәжірибеде қолданылып жүрген тәсіл. Өйткені жас адамдардың қаза табуы өкінішті. Олар Ресей мен Украинаның бауырлас халықтарының болашағы, генетикалық қоры. Мұның бәрін тоқтату қажет. Менің нық сенімімше, болып жатқан жағдай Ресейдің де, Украинаның да қарсыластарының пайдасына жұмыс істеп отыр”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Сөзінің соңында мемлекет басшысы Ресеймен стратегиялық әріптестік пен одақтастыққа бейілділігін тағы да растады.

“Қазақстанның Ресейге қатысты ұстанымына келсек, еш күмәнданбаңыздар: біз әрдайым Ресейді ұлы мемлекет деп санадық және солай санаймыз. Бұл туралы мен барлық халықаралық форумдарда айтып келемін. Біз Ресеймен стратегиялық ынтымақтастыққа және одақтастық қатынастарға, қаншалықты қиын болса да, берік ұстанамыз. Бұған бүгінгі форумның өзі айқын дәлел”, — деді мемлекет басшысы.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығының XXII форумына қатысу үшін Омбы қаласына барды.

Гүлсезім Мұхатай
Жексенбі, 26 Шілде, 2026 08:07
Талқылау