Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шағын бизнеске үш жылдық жеңілдік: 2030 жылы не өзгеруі мүмкін

кәсіпкерлік
Фото: azma.uz

Қазақстанда микро және шағын бизнесті тексеруге 2027 жылдан бастап үш жылдық мораторий енгізу ұсынылды. Бұл кәсіпкерлерге уақытша жеңілдік бергенімен, салық төлеу мен есепті дұрыс тапсыру міндетін жоймайды. Салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова мораторий кезінде жіберілген қателер 2030 жылы бизнеске қосымша шығын әкелуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді. Қазір бұл бастаманың нақты шарттары талқыланып жатыр. Қандай тексерулерге рұқсат берілетіні және қандай жағдайлар мораторийден тыс қалатыны әзірге белгісіз.

Qazaq Expert Club сарапшысы, салық кеңесшісі Раушан Тасшоинова кәсіпкерлерге бұған дейінгі мораторийдің тәжірибесін ескеруге кеңес береді. 2020–2023 жылдары шағын және микро бизнесті тексеруге шектеу қойылған кезде тексерулер саны айтарлықтай азайған.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитеті деректеріне сүйенсек, 2019 жылы бизнеске қатысты шамамен 128 мың тексеру жүргізілген. Ал 2020 жылы олардың саны 27 мыңнан сәл асқан. Яғни бір жылда тексерулер саны шамамен 79 пайызға қысқарған.

Алайда сарапшы бұл өзгерісті тек мораториймен байланыстыруға болмайтынын айтады. Себебі сол кезеңде елде карантиндік шектеулер де болды. Сондықтан тексерулердің азаюына әр фактордың қаншалықты әсер еткенін нақты бөлу қиын.

Мораторий аяқталған соң тексерулер көбейе ме?

Сарапшының айтуынша, 2024 жылдың алғашқы үш айында жеке кәсіпкерлерге жүргізілген тексерулер саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге жуық артқан. Сауалнамаға қатысқан кәсіпкерлердің 46 пайызы мораторий аяқталғаннан кейін әкімшілік қысым күшейгенін айтқан. Дегенмен бұл өсім ұзаққа созылмаған. 2025 жылы бизнеске жүргізілген тексерулердің жалпы саны 4,9 пайызға азайған.

Тасшоинованың пікірінше, мораторийдің нәтижесін тек тексерулер санының азаюымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – осы уақыт ішінде мемлекеттік бақылау жүйесі кәсіпкерлерге түсінікті әрі алдын ала болжам жасауға мүмкіндік беретіндей өзгеруі керек.

2030 жылы кәсіпкерлерді не күтіп тұр?

Мораторий кезінде кәсіпкерді тексеруге шектеу қойылуы мүмкін. Бірақ бұл салықты дұрыс есептеу, төлеу және есептілікті уақытында тапсыру міндетінен босатпайды. Салық кеңесшісі қолданыстағы Салық кодексінде талап қоюдың жалпы ескіру мерзімі үш жыл екенін, ал салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін бес жылдық мерзім қарастырылғанын еске салады. Заңда бұл мерзімді ұзартатын немесе оның жүруін тоқтата тұратын жағдайлар да бар. Мысалы, мораторий 2029 жылғы 31 желтоқсанда аяқталса, әдеттегі үш жылдық мерзім шегінде 2030 жылы кәсіпкердің 2027, 2028 және 2029 жылдардағы салық есептілігі тексерілуі мүмкін. Бірақ мұндай тексерулер заңда көрсетілген негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі. Сондықтан мораторий кезінде есеп-қисаптан кеткен қатені жасырып немесе оны кейін түзетемін деп қалдыру қауіпті. Егер заңбұзушылық кейін анықталса, кәсіпкерден қосымша салық төлеу талап етілуі мүмкін. Оған қоса өсімпұл мен айыппұл салынуы ықтимал.

Сондай-ақ мораторий барлық бақылау түрін тоқтатпайды. Сарапшының айтуынша, камералдық бақылау және заңда қарастырылған өзге рәсімдер жалғасуы мүмкін. Ал нақты қандай тексерулерге шектеу қойылатыны жаңа мораторийдің ережелері бекітілгеннен кейін белгілі болады.

2026 жылдан бастап қандай жеңілдіктер бар?

Салық кеңесшісі микро және шағын бизнеске 2026 жылдан бастап қолданылып жатқан жеңілдіктерді де еске салды. Олар 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдерге қатысты кейбір салықтық тексерулер мен бақылау шараларын қамтиды.

Алайда бұл жеңілдіктерді 2027 жылдан бастап енгізу ұсынылып отырған жаңа мораториймен шатастырмаған жөн. Екеуінің қолданылу мерзімі мен шарттары бөлек.

Раушан Тасшоинованың пікірінше, үш жылдық мораторий кәсіпкерлерге тыныс алуға мүмкіндік береді. Бірақ оның ұзақ мерзімді пайдасы осы кезеңде мемлекеттік бақылау жүйесінің қаншалықты өзгеретініне байланысты. Егер тексерулер азайғанымен, бұрынғы мәселелер шешілмесе, мораторий аяқталған соң кәсіпкерлер сол қиындықтарға қайта тап болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған еді. Stan.kz экономистер мен заңгерлерден бұл бастаманың кәсіпкерлерге пайдасы мен ықтимал тәуекелдерін сұрап, мораторий кезінде қандай тексерулер сақталуы мүмкін екенін анықтаған еді. 

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 09 Қараша, 2026 14:14