Қазақстанда ауыл кәсіпкерлері маркетплейстерге қосылады
Қазақстанда ауыл кәсіпкерлерін маркетплейстерге қосып, шалғай елді мекендерде тапсырыстарды қабылдау және беру пункттерін ашу жоспарланып отыр, деп мәлімдеді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Министрдің айтуынша, жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, ауыл кәсіпкерлеріне қолданыстағы электронды сауда алаңдарына шығуға көмектесу, тауар жеткізу қызметін дамыту және шалғай ауылдарда тапсырыс беру пункттерінің желісін кеңейту көзделген. Сонымен қатар тұрғындарды электронды саудаға, цифрлық платформалармен жұмыс істеуге және жасанды интеллект құралдарын пайдалануға үйрету жоспарланып отыр.

Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 20-дан астам цифрлық платформа 500 мыңнан астам азаматқа табыс табуға мүмкіндік беріп отыр.
Алдағы уақытта ауыл тұрғындарының электронды саудаға қолжетімділігін арттырып, логистикалық инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріледі. Бұдан бөлек, халықтың цифрлық дағдыларын жетілдіру және жұмыспен қамту жүйелерімен біріктірілген қайта даярлау платформасын енгізу жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында жалған құжаттар арқылы ауыл шаруашылығына бөлінген 1 миллиард теңгеге жуық субсидияны жымқыру деректері анықталған.
"Қызымның арманы еді": Қазақстандық аналар баласын шетелге жіберуге рұқсат етпейтін әкелерге шағымданды