Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салығын өзгертуді ұсынылды

салық
Фото: magnific.com

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың табысын есептеу тәртібі мен салық лимитін өзгерту ұсынылды. Депутаттар такси жүргізушілері мен курьерлердің табысынан цифрлық платформалардың комиссиясын алып тастап, маусымдық жұмыс істейтін азаматтар үшін айлық шектеуді жылдық лимитке ауыстыруды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Мұндай бастаманы Құрылтай депутаты, “Ақ жол” фракциясының өкілі Олжас Нұралдинов көтерді. Ол жаңа Салық кодексіндегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты талаптарды қайта қарау жөнінде премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдаған.

Депутаттың айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа салық режимі өз бетінше жұмыс істейтін азаматтардың еңбек ерекшеліктерін толық ескермейді.

Такси жүргізушілері мен курьерлердің табысын қайта есептеу ұсынылды

Депутат көтерген мәселелердің бірі цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға қатысты. Мәселен, Яндекс Go сервисінің комиссиясы кей жағдайда тапсырыс құнының 23%-ына дейін жетеді. Бұл қаражат платформаның өзінде қалып, жүргізушіге немесе курьерге түспейді.

Осыған байланысты депутат комиссияны азаматтың табысына қосып есептеу әділетсіз деп санайды.

Мысалы, жолаушы такси қызметі үшін 10 мың теңге төлесе, оның 2 300 теңгесі платформаның комиссиясына кетеді. Ал жүргізушіге басқа ұсталымдар мен шығындарды есептемегенде 7 700 теңге ғана қалады.

Сондықтан депутаттар салық пен міндетті төлемдерді есептеу кезінде платформаның комиссиясын шегеріп, азаматтың қолында нақты қалатын соманы ғана табыс ретінде есептеуді ұсынып отыр.

Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жеке табыс салығынан босатылғанымен, табысының 4%-ы көлемінде әлеуметтік төлем жасайды. Сол себепті табысты есептеу тәртібі олардың төлейтін міндетті жарналарына тікелей әсер етеді.

Айлық лимитті жылдық шектеуге ауыстырмақ

Екінші ұсыныс маусымдық жұмыс істейтін азаматтарға қатысты. Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арнайы салық режимін қолдану үшін ай сайынғы табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. 2026 жылы бұл сома 1 миллион 297 мың 500 теңгеге тең.

Алайда депутаттың пікірінше, мұндай талап туризм, құрылыс, тұрғын үй жөндеу, жолаушылар тасымалы және абаттандыру саласында жұмыс істейтіндерге қолайсыздық туғызады. Себебі бұл бағыттарда табыс жыл бойы біркелкі түспейді. Мысалы, жазда тапсырыс көбейсе, қыста жұмыс көлемі азаюы мүмкін.

Депутат екі азаматтың табысын салыстырған. Біріншісі ай сайын 500 мың теңгеден тауып, жылына 6 миллион теңге табыс табады. Екіншісі тек төрт ай жұмыс істеп, айына 1,5 миллион теңгеден алады. Оның да жылдық табысы 6 миллион теңге болады.

Алайда екінші азамат айлық лимиттен асып кеткендіктен, арнайы салық режимін қолдану құқығынан айырылуы мүмкін.

Осыған байланысты “Ақ жол” фракциясы ай сайынғы 300 АЕК шектеуін жылына 3 600 АЕК лимитіне ауыстыруды ұсынып отыр. 2026 жылғы көрсеткішпен есептегенде, бұл 15 миллион 570 мың теңге болады.

Яғни депутаттар жылдық табыс шегін ұлғайтуды емес, азаматтарға табысын жыл бойы икемді түрде алуға мүмкіндік беруді көздейді.

Әзірге бұл ұсыныстар депутаттық бастама деңгейінде қалып отыр. Фракция Үкіметтен Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруды сұраған.

Еске салсақ, Қазақстанда енді такси мен курьер қызметіндегі комиссияны ашық көрсету талап етіледі.

Айнура Дарибаева
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 16:07