Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді такси мен курьер қызметіндегі комиссияны ашық көрсету талап етілмек

такси және курьер қызметі
Фото: magnific.com

Қазақстанда курьерлер мен таксистердің жұмысын реттеуге қатысты жаңа талаптар енгізілуі мүмкін. Еңбек министрлігі ұсынған тәртіп бойынша, интернет-платформалар әр тапсырыстан ұсталған комиссия көлемін ашық көрсетуге міндеттеледі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Яндекс, inDrive, Glovo сияқты платформаларда тапсырыс орындаушыға алдын ала қанша табыс түсетіні, одан қандай салық ұсталары және қандай әлеуметтік төлемдерге жарна аударылатыны көрсетілуге тиіс.

Сонымен қатар платформаға тіркелу тәртібі де жеңілдетілмек. Бұған дейін курьерлер мен таксистерден жеке басы мен көлігіне қатысты бірқатар құжат талап етілсе, жаңа тәртіп бойынша қажетті мәліметтерді платформалардың өзі ЖСН арқылы мемлекеттік базалардан алуы мүмкін.

Такси жүргізушілері әлеуметтік төлемдерге қатысты өз талаптарын да айтып отыр. Олар зейнетақы жарналары өздері үшін де тұрақты аударылып тұрғанын қалайды. Алайда табысы онсыз да аз болып жүрген жүргізушілер бұл төлемдерді өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болса, қаржылық тұрғыдан қиындық туындайтынын айтады.

Қазір Қазақстанда 1 миллионнан астам адам интернет-платформалар мен мобильді қосымшалар арқылы такси жүргізіп немесе курьер болып жұмыс істейді. Алайда олардың шамамен жартысына ғана әлеуметтік төлемдер аударылып отыр.

"Бір тапсырыс алдында орындаушыға ақпарат беріледі. Түскен ақшадан қандай салық ұсталатыны, қай әлеуметтік төлемдерге жарна аударылатыны ашық көрсетілуі тиіс. Біз ұсынған талап курьерлер мен таксистердің жұмыс істеуіне жағдай жасауды, олардың құқығын қорғауды көздейді", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы Азамат Қилыбаев.

Айта кетейік, қазір курьерлер мен такси жүргізушілеріне жеке кәсіпкер ретінде тіркелу міндетті емес. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде тіркеліп, табысының 4 пайызын салыққа аударады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа ережелер қосымша салық немесе қаржылық жүктеме енгізуді көздемейді. Негізгі мақсат әлеуметтік төлемдердің тұрақты аударылуын қамтамасыз ету және интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау болып отыр.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда такси жүргізушілеріне жолаушыларды міндетті түрде сақтандыру талабы күшейтілді. Полиссіз жолаушы тасымалдау заңсыз саналады. Оның құны көліктегі орын санына байланысты, жеңіл көлік үшін шамамен 13 мың теңгеден басталады. Сақтандыру болмаған жағдайда жүргізушіге айыппұл салынып, жолаушы тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Сенбі, 03 Қазан, 2026 09:25