Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда аэротаксилер заңдастырылады: Мәжіліс түзетулерді қабылдады

әуе көліктеріне арналған заң
Фото: Volocopter

Қазақстанда аэротакси мен ұшқышсыз әуе көліктерін дамытуға құқықтық негіз қалыптасуда. Мәжіліс қалалық әуе мобильдігін реттеуге арналған заңнамалық түзетулерді қабылдап, ережелерін бекітті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Заң арқылы Қазақстанда қалалық әуе көлігін (Urban Air Mobility) іске қосудың ресми ережелері қалыптастырылуда. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет болашақта ұшатын таксилердің, жолаушылар дрондарының және ұшқышсыз жеткізу қызметтерінің пайда болуына арналған құқықтық негіз дайындап жатыр.

Жаңа түзетулер тек ұшу тәртібін ғана емес, сондай-ақ жолаушылардың жеке деректерін қорғауды және бүкіл көлік жүйесін цифрлық форматқа көшіруді де реттейді.

Заңда мынадай жаңа ұғымдар енгізіледі:

Вертипорт – ұшатын таксилер мен ірі дрондардың тік ұшып-қонуына арналған арнайы шағын әуежайлар, алаңдар.

Қалалық әуе мобильдігі – қала аумағында жолаушылар мен жүктерді әуе арқылы тасымалдау жүйесінің ресми атауы.

Қалалық әуе мобильдігі аймағы – мұндай көлік түрлеріне ұшуға рұқсат етілетін қалалар үстіндегі арнайы бөлінген әуе кеңістігі.

Ұшқышсыз қозғалысты басқару қызметі – дрондар мен ұшатын көліктердің әуеде соқтығыспауын қадағалайтын диспетчерлік қызметтің баламасы.

Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, бұл ережелер мемлекетке жаңа буын авиациясын қауіпсіз түрде бақылап, дамыту үшін қажет.

Ең алдымен сөз eVTOL аппараттары туралы болып отыр (тік ұшып-қонатын электрлі әуе көлігі, яғни ұшатын таксилер) және Қазақстан аспанында жақын уақытта пайда болатын басқа да ақылды автоматтандырылған жүйелер туралы.

Бұл ережелерді әзірлеуге салалық министрліктер, мемлекеттік органдар және халықаралық сарапшылар бір жылдан астам уақыт жұмыс істеді.

Қазақстан аэротакси үшін заң қабылдаған алғашқы елдердің бірі болды.

Бұл ережелерді дайындау кезінде әлемдік тәжірибе негізге алынды. Жобаға АҚШ пен Оңтүстік Кореяның халықаралық кеңесшілері, әуежайларды басқару саласының мамандары және ұшатын такси өндірушілері тартылды.

Осылайша, Қазақстан жаңа авиация саласы үшін алдын ала толыққанды құқықтық база қалыптастыруға шешім қабылдаған әлемдегі алғашқы мемлекеттердің біріне айналды.

 "Көптеген елдерде eVTOL және ұшқышсыз авиациялық жүйелерді реттеу әзірге жеке авиациялық нормалар, эксперименттік режимдер немесе салалық регламенттер арқылы жүзеге асырылып келеді. Ал Қазақстанда озық әуе мобильдігі мәселелері заңнаманың бірнеше деңгейінде көрініс тапты – әуе кеңістігін пайдалану саласындағы түзетулерден бастап, “Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы” Конституциялық заңға дейін", – деді AAAG ұйымы.

AAAG мәліметінше, қалалық әуе мобильдігін енгізу үшін қолданыстағы ережелер жеткіліксіз. Себебі бұл бағыт төмен биіктіктегі әуе кеңістігін кең көлемде пайдалануды, әуе қозғалысын цифрлық жүйе арқылы басқаруды, сондай-ақ арнайы әуе дәліздері мен тік ұшып-қону алаңдарының инфрақұрылымын қалыптастыруды талап етеді.

Айта кету керек, аталған саланы құқықтық тұрғыдан реттеу мәселелері 2026 жылғы 8 мамырда Президент қол қойған "Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы" Конституциялық заңда да көрініс тапқан. Құжатта пилотты және ұшқышсыз инновациялық ұшу аппараттарын қоса алғанда, қалалық әуе мобильдігі технологияларын енгізуге арналған құқықтық негіз қарастырылған.

Бұл нормалар алдағы уақытта арнайы әуе кеңістігі аймақтарын құруға, сондай-ақ қалалық әуе көлігіне арналған маршруттар мен әуе дәліздерін белгілеуге мүмкіндік береді.

Дегенмен аэротакси, жүк дрондары және басқа да жаңа буын әуе аппараттарын жаппай пайдалану тәжірибелік құқықтық режим аясында қажетті сынақтар мен тексерулер толық аяқталғаннан кейін ғана іске қосылады.

Stan.kz
Сенбі, 30 Мамыр, 2026 08:17