Қазақстанда заң күшіне енген соң 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттары өшіріле ме
Құрылтай отырысында депутат Александр Данилов 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол заң қабылданған жағдайда балалардың қазір қолданыстағы аккаунттарының тағдыры не болатынын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистердің айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде бұрыннан ашылған аккаунттарға қатысты нақты ұстаным болмаған. Алайда Құрылтайдың қарауына ұсынылған нұсқада заң күшіне енгеннен кейін балалардың аккаунттары өшірілетіні жазылған.

БАҚ өкілдері өтпелі кезең қанша уақытқа созылатынын және жасөспірімдердің туған күнін өзгертіп, қайта аккаунт ашуына қалай тосқауыл қойылатынын сұрады.
Александр Даниловтың айтуынша, жасөспірімдердің қайта тіркелуіне жол бермеу мәселесі қазір талқыланып жатыр. Сонымен қатар кей балалар VPN арқылы жас шектеуін айналып өтуі мүмкін екені де ескерілген.
“Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғыны немесе телефон нөмірін пайдаланушының жеке басына байланыстыруды ұсынып отыр. Бірақ нақты тетігін әлі пысықтау керек. Өтпелі кезеңнің ұзақтығы мен басқа да мәселелер жұмыс топтарында талқыланады. Бұл талаптарды кезең-кезеңімен қалай енгізуге болатынын анықтап, халықаралық тәжірибені зерттеуіміз керек. Аустралия, Түркия және Еуропалық одақ елдерінің тәжірибесін қарастырып жатырмыз”, – деді депутат.
Оның айтуынша, жаңа ережелерді енгізу кезінде заманауи технологиялардың мүмкіндіктері ескерілуі керек. Сонымен қатар балалардың білім алуға қажет ақпарат пен материалдарға қол жеткізуіне шектеу қойылмауы маңызды.
Депутат бұл мәселелердің әлі де талқыланып жатқанын айтты. Заң жобасында балалардың әлеуметтік желіге қайта тіркелуіне жол бермеу және жасын анықтау сияқты нақты тетіктер екінші оқылымға дейін пысықталмақ.
Еске салайық, 2025 жылы желтоқсанда Қазақстанда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салу туралы заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды. Ал 2026 жылы мамырда құжат мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде болған.
Бұған дейін gрезидент Қасым-Жомарт Тоқаев та 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.
Заң жобасын талқылаудың бастапқы кезеңінде балалардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша бұғаттау мүмкіндігі де айтылған.
Ал Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Құрылтай отырысында онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңнамалық түзетулерді таныстырды.
Еске салсақ, бұған дейін үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіде тіркелуіне шектеу қою үшін олардың жасын анықтаудың бірнеше тәсілін қарастырып жатқанын хабарлаған. Олардың қатарында бет-жүзді тану және қолданушының әлеуметтік желідегі әрекетін талдау технологиялары бар. Сонымен қатар премьер-министр Олжас Бектенов 16 жасқа толмаған балалардың бұрыннан ашылған аккаунттарын уақытша тоқтату мүмкіндігі қарастырылатынын айтқан.
Алматының ауызсуын қайнату керек пе: Судан табылған бактерияға қатысты мамандар не дейді