Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желідегі аккаунттарына уақытша шектеу енгізіледі

Жасөспірім
Фото: ChatGPT

Қазақстанда 16 жасқа толмағандардың онлайн-платформаларға тіркелу тәртібін өзгертетін түзетулер әзірленді. Қазір құжат Құрылтайдың қарауында. Заң қабылданса, платформалар қолданушының жасын растауға тиіс болады, ал оны қалай тексеретініне қатысты бөлек ереже әзірленеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.  

Үкімет жасты анықтаудың бірнеше жолын қарастырып отыр. Соның бірі – адамның бет-жүзін тану, екіншісі – аккаунттағы әрекетін талдау. Мәселен, адамның қандай контент көретіні, кімдерге жазылғаны, қандай қауымдастықтарға кіретіні және парақшаны қалай пайдаланатыны есепке алынуы мүмкін.

Бет-жүз арқылы жасты шамалап анықтайтын Face ID-ге ұқсас технологияларды қолдану да қарастырылып жатыр. Бектенов жас растау жүйелерінің бірі ретінде AgeKey тетігін мысалға келтірген.  

Жаңа талап бұрыннан ашылған аккаунттарға да әсер етуі мүмкін. Үкімет 16 жасқа толмағандардың қолданыстағы парақшаларын уақытша тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр, бірақ нақты тәртіп әзірге бекітілген жоқ. Өзгерістер бірден енгізілмей, сынақ мерзімі арқылы тексеріледі.  

"Он алты жасқа дейінгі онлайн-платформаны пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттарын уақытша тоқтату қаралатын болады. Нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасының аумағындағы онлайн-платформалардың өкілдіктерімен бірлесіп талқыланады. Ұсынылатын тәсілдер пайдаланушының жеке деректерінің таралуына жол бермеу негізінде оның жасын растау қағидатына негізделеді. Сол арқылы балалардың цифрлық кеңістіктегі құқықтары мен заңды мүдделері қорғалып, кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастырылады. Тиісті шектеуді нақты іске асыру тетіктері жұмыс топтарында егжей-тегжейлі пысықталады", – деді Бектенов.  

Балалардың интернеттегі қауіпсіздігі мектеп бағдарламасында да қамтылып жатыр. 2026-2027 оқу жылынан бастап 5–11-сыныптарға арналған "Жеке қауіпсіздік" бағдарламасы енгізілген. Онда оқушыларға интернеттегі қауіпті жағдайларды тану, жеке шекарасын қорғау, цифрлық ортада өзін қауіпсіз ұстау және қажет кезде көмек сұрау үйретіледі. Бұдан бөлек, сабақтарда дербес деректерді қорғау, кибербуллинг, қаржылық қауіпсіздік және балаларды дропперлікке тартудың алдын алу тақырыптары қарастырылады. 

Ата-аналар мен балаларға арналған киберқауіпсіздік материалдары да әзірленген. Олардың қатарында CyberKraft журналы мен Kaspersky компаниясымен бірге жасалған "Киберәліппе" бар. Материалдар eGov порталында орналастырылған. Нұсқаулық балалар мен ата-аналарға интернеттегі қауіп-қатер мен жеке деректерді қорғау жолдарын түсіндіруге арналады.

Қарлығаш Асқарова
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 11:40