Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еурокомиссия 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желі қолдануға тыйым салуды ұсынды

әлеуметтік желідегі шектеу
Фото: magnific.com

Еурокомиссия 13 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді, бейнеплатформалар мен AI-сервистерді қолдануға тыйым салуды ұсынды. Ал 13-14 жастағы жасөспірімдерге тәулігіне бір сағаттық шектеу енгізу көзделіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ұсынысқа сәйкес, 13 жасқа дейінгі балалар әлеуметтік желілер мен басқа да платформаларға кіре алмайды. 13-14 жастағы жасөспірімдер платформаларға ата-анасының аккаунты арқылы ғана тіркеліп, тәулігіне бір сағаттан артық пайдалана алмайды.

Ал 15-18 жастағы жасөспірімдерге жеке аккаунт ашуға рұқсат беріледі. Бірақ платформалар олардың зиянды контентке тәуелді болуына жол бермеуі тиіс.

Еурокомиссия әлеуметтік желілердегі шексіз лентаны төмен қарай жылжытуды, пайдаланушының мінез-құлқына қарай жеке ұсынылатын контентті шектеуді және кәмелетке толмағандардың бейтаныс адамдармен байланысуына жол бермеуді ұсынады.

Сонымен қатар чат-боттар мен AI-серіктерге балаларда эмоционалдық тәуелділік қалыптастыратын "адамдар арасындағы қарым-қатынасты имитациялауға" тыйым салынбақ. Мұндай ұсыныс жасөспірімдердің чат-боттармен қарым-қатынасынан кейін өз-өзіне қол жұмсау жағдайларына байланысты көтеріліп отыр.

Еурокомиссия барлық 18 жасқа толмағандардың аккаунттарын әдепкі бойынша ішінара жабық етуді де көздейді. Олардың орналасқан жері жасырылып, камера мен микрофон автоматты түрде өшірілуі тиіс. Ережелерді бұзған платформаларға әлем бойынша жылдық табысының 6%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Алайда ұсыныстың Еуроодақ көлемінде заңға айналуы үшін оған барлық мүше мемлекеттер мен Еуропарламент қолдау көрсетуі керек. Келісу процесі бірнеше айға созылуы мүмкін.

Бұған дейін Франция, Аустрия, Дания, Грекия және Испания балалардың әлеуметтік желілерге кіруіне қатысты шектеулер енгізу жоспарын жариялаған. Алайда Францияда мұндай заң Конституциялық кеңестің қарсылығына тап болып, сөз бостандығы қағидатына қайшы деп танылған.

Еурокомиссия өз ұсынысын әзірлеу кезінде Австралия тәжірибесін де зерттеген. Аустралия 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салған алғашқы ел болды. Алайда ел билігі заңды іске асыруда қиындықтарға тап болғанын мойындаған.

Еске салайық, бұған дейін 2023 жылы АҚШ-тың штаттары мен аумақтары Meta компаниясын балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік желінің ықтимал зиянынан жеткілікті қорғамады деп сотқа берген еді. Талапкерлер Facebook пен Instagram жастарды платформаларда ұзақ уақыт отыруға ынталандырып, олардың психикалық және физикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартқан.

Айым Атамбаева
Жұма, 18 Қыркүйек, 2026 09:35