Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Meta желіде кәмелетке толмағандарға шектеу енгізіп, 18 миллиард доллар төлеуге келісті

Мета
Фото: REUTERS

Facebook пен Instagram-ның иесі Meta компаниясы АҚШ-та балаларды әлеуметтік желінің ықтимал зиянынан қорғауға қатысты сот ісі бойынша келісімге келді. Компания алдағы 10 жыл ішінде шамамен 18 миллиард доллар төлеуге және кәмелетке толмағандар үшін бірқатар шектеу енгізуге келіскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2023 жылы АҚШ-тың штаттары мен аумақтарының өкілдері Meta-ны балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне жеткілікті көңіл бөлмеді деп сотқа берген. Талапкерлер әлеуметтік желілер жастарды платформаларда ұзақ уақыт отыруға ынталандырып, олардың психикалық және физикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартқан.

Балаларға қандай шектеулер енгізіледі?

Келісім күшіне енсе, АҚШ-тағы кәмелетке толмаған пайдаланушылар үшін:

  • әлеуметтік желіде отыру уақытына күнделікті шектеу қойылады;
  • түнгі уақытта қолдануға шектеу енгізіледі;
  • сабақ кезінде әлеуметтік желіні пайдалануға тосқауыл қойылады;
  • ата-ана бақылауы күшейтіледі;
  • пайдаланушының жасын анықтау тетіктері жетілдіріледі.

Meta шамамен 18 миллиард долларды 10 жыл ішінде бөліп төлейді. Бұл қаражат жастардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларға және штаттардың басқа да бағдарламаларына жұмсалуы мүмкін.

Компания келісімге келуі өз кінәсін мойындағанын білдірмейтінін мәлімдеді. Meta өзіне тағылған айыптарды бұған дейін де жоққа шығарған.

Енді келісімді сот мақұлдауы керек. Істі қарап жатқан судья келісімді бекітуге бейім екенін мәлімдеген.

Айта кетейік, Meta сотта жеңілген жағдайда компанияға салынатын айыппұлдардың жалпы көлемі 1 триллион доллардан асып кетуі мүмкін еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 27 Тамыз, 2026 12:55