Facebook пен Instagram желілері түбегейлі өзгеруі мүмкін: АҚШ-та Meta компаниясына қатысты сот басталды
АҚШ-та Meta компаниясына қатысты алқабилердің қатысуымен сот процесі басталады. Сот нәтижесі компанияның қызметіне қауіп төндіруі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Meta компаниясы бұған дейін бірнеше сотта жеңіліп, оның платформалары кәмелетке толмағандарға зиян келтіретіні дәлелденген еді.
Сот процесі 2023 жылы АҚШ-тың 30 штаты берген талап арызға байланысты өтуде. Олар компанияны балалардың жеке өмірін қорғауға қатысты федералдық және штаттық заңдарды бірнеше рет бұзды деп айыптаған.
Қазір компанияның нарықтық құны шамамен 1,5 триллион долларды құрайды. Талапкерлер компаниядан 1 триллион доллардан астам өтемақы төлеуді, сонымен қатар Instagram мен Facebook платформаларына өзгерістер енгізуді, "лүпіл" есептегіштер мен шексіз лентаны алып тастауды талап етіп отыр.

Егер Meta сотта түпкілікті жеңілсе, бұл жастардың әлеуметтік желілерді пайдалану тәсіліне түбегейлі өзгерістер әкелуі мүмкін.
Арызданушылар талап еткен өзгерістер мыналар:
- жасөспірім қолданушылар үшін ата-ана бақылауы мен тексеру жүйесін енгізу;
- "дофаминді басқару арқылы қолданушыларға ықпал ететін" ұсыныс алгоритмдерін өзгерту;
- сыртқы келбетті өзгертетін сүзгілерді алып тастау;
- видеолардың автоматты түрде ойнатылуын тоқтату;
- бір қолданушының бірнеше аккаунт ашуына тыйым салу;
- жоғалып кететін жарияланымдарды, соның ішінде Instagram Stories функциясын өшіру.
Талапкерлердің пікірінше, бұл функциялар қолданушыларды, соның ішінде жасөспірімдерді де, платформаларға мүмкіндігінше жиі кіріп, онда барынша ұзақ уақыт отыруға ынталандыру үшін жасалған. Қосымшаларға кіруге шақыратын жиі хабарламалар да қолданушылардың интернетте өткізетін уақытын қысқартуға кедергі келтіреді.
Meta бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Істі Калифорниядағы бас федералдық судья Ивонн Гонсалес Роджерс қарайды. Ол Илон Маск пен Сэм Альтман арасындағы атышулы сот процесінде де судья болған.
Айта кетейік, бұған дейін Нью-Мексико штатының судьясы Брайан Бидсхейд Meta компаниясына 942 миллион доллар айыппұл салу туралы шешім шығарған еді. Сондай-ақ сот 18 жасқа толмағандар үшін "лүпіл" санауышын алып тастау, белгілі бір уақытта push-хабарламаларды шектеу және кәмелетке толмағандардың жалаңаш бейнелерді жіберіп, қабылдауына жол бермеу туралы шешім шығарған. Meta бұл шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.
Судья Meta платформаларының жастардың психикалық денсаулығына кері әсерін тигізіп, Нью-Мексико мен басқа өңірлердегі "жастардың психикалық денсаулық дағдарысын" ушықтырғанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі "лүпіл" саны жасөспірімдердің өзін өзгелермен салыстыруына, өзін төмен бағалауына, жалғыздық сезімінің күшеюіне және көңіл күйінің нашарлауына ықпал етуі мүмкін.
Егер АҚШ-тың 30 штаты қатысып отырған сотта талапкерлердің пайдасына шешім шықса, компания өз платформаларының жұмыс істеу тәртібіне елеулі өзгерістер енгізуге мәжбүр болмақ.
Шымкенттегі алып қашу оқиғасы: Жігіттің туыстары оқиғаның мән-жайын айтып берді, ал қыз оны жоққа шығарып отыр