"Салт-дәстүрді "біздікі, өзгенікі" деп бөлмейміз": Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері неге балаларына тұсаукесер жасайды
Соңғы уақытта әлеуметтік желіде ұл-қыздарына тұсаукесер жасаған Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің видеосы көптеп тарады. Редакция қазақ дәстүрін жанына жақын тартып, ұл-қызының болашағынан үлкен үміт күтіп, келешегін бақытпен, жақсылықпен байластырып, тұсаукесер жасаған өзге ұлт өкілдерімен тілдесті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Карина Гуляр – қызына тұсаукесер жасаған ата-аналардың бірі. Жас отбасы Астанада тұрады. Ерлі-зайыптылар қызының тұсауын Каринаның анасы кеседі деп шешкен.
“Астана қаласында туып-өстік, қазір де осында тұрамыз. Ұлтымыз – орыс. Қазақстанда өмір бойы тұрған соң, салт-дәстүрді "біздікі" және "өзгенікі" деп бөлмейсің. Мектеп кезінен қазақтың ұлттық дәстүрлерін, мәдениеті мен әдет-ғұрпын танып өстік. Мен үшін тұсаукесер – мағынасы терең, өте әдемі дәстүр. Сондықтан қызымның да аяғы ақ жолмен жүрсін деген ниетпен осы салтты жасағым келді”, – дейді Карина.
Карина тұсаукесерге өзі дайындалған. Ақ жол, ала жіп пен пышақ іздеп, қызының алдына қойылатын заттарды да мұқият таңдаған. Ал тұсауын кім кесетініне жолдасымен бірге шешім қабылдаған.
“Негізі бұл рәсімде кім тұсау кесуі керек екенін нақты білмеймін. Бірақ қызымыздың дүниеге келуін бәрінен де қатты күткен жанды таңдағымыз келді. Ол – менің анам. Әжеміз тұсауды өзі кесетініне қатты қуанды”, – дейді ол.
Ерлі-зайыптылардың бұл шешімін туыстары қуана қолдап, кейбірінің көңілі босап, көзіне жас алған. Отбасы тұсаукесерден бөлек, ұлына да тілашар тойын ұйымдастырған. Биыл ол бірінші сыныпқа барған.

Жас отбасы тұсаукесерден бөлек, тілашар тойын да өткізген.
Каринаның айтуынша, қызының алғашқы қадамдарын көру ерекше әсер сыйлаған. Ал тұсаукесер кезінде бүлдіршіннің алдына кітап, тонометр, косметика, ақша және алтын медаль қойылған. Каролина солардың ішінен алтын медальді таңдап, тіпті бірден тістеп көрген.
“Бұл біз үшін өте символикалық сәт болды. Өйткені биыл ақпан айында Михаил Шайдоров елімізге алтын медаль сыйлаған еді. Оның жеңісін түнде тікелей эфирден көріп, қатты мақтанғаным есімде. Ал наурыздың басында қызымның да алтын медальді таңдауы ерекше сәйкестік болды. Әлеуметтік желіге салған видеомыз 38,6 мың қаралым жинады. Көпшілік құттықтап, "Болашақ Олимпиада чемпионы болсын" деп жылы лебіздерін білдірді”, – дейді Карина.
Жас ана тұсаукесердегі әдемі суреттерді бөлісті.

Павлодарлық Наталья Валова да қызына тұсаукесер жасаған. Ерлі-зайыпты Қазақстанда туып-өскен.
“Ұлтымыз – орыс. Дегенмен жолдасым қазақ тілін жетік меңгерген. Ал мен қазақтың халық биі бойынша кәсіби бишімін. Бұл дәстүр бізге қызық болып көрінді, сол себепті қызымыз үшін ұйымдастырдық. Сонымен қатар тұсауын кескен адамның бойындағы жақсы қасиеттер балаға да дариды деген сеніміміз бар. Жолдасымның айтуынша, біз қазақ халқының салт-дәстүрімен біте қайнасып, сол мәдениетпен бірге өсіп келеміз. Біздің жұмысымыз салт-дәстүрлермен тығыз байланысты болғандықтан тұсаукесердің мән-мағынасын жақсы білеміз”, – дейді Наталья.
Наталья қызының тұсауын кесуді қайын әпкесіне тапсырған.

“Өзі мұғалім, кітап шығарумен айналысады, жақында докторлық диссертациясын да қорғады. Қызымыз оның білімділігін, ақылын және кәсіби жетістіктерін бойына сіңірсе екен деген ниетпен таңдадық. Туыстарымыздың бәрі қуанды. Біздің отбасымызда мұндай дәстүрлерді өткізу қалыпты жағдай. Қазақтың етін асып, қымыз ішіп отырамыз. Сондықтан тұсаукесер өткізуіміз ешкімді таңғалдырған жоқ”, – дейді ол.
Жақындары бүлдіршіннің алдына бірнеше зат қойған. Әжесі дәрігер болғандықтан, стетоскоп әкелді, тұсауын кескен жолдасымның әпкесі өзінің кітабын әкелді. Сондай-ақ шығармашылықпен айналысатын отбасы болғандықтан, бүлдіршіннің алдына қазақтың домбырасы да қойылған. Алайда балақай олардың арасынан калькуляторды таңдаған.

Кубалық отбасы да қазақы дәстүрмен қызы тәй-тәй басу үшін той жасады.

Джой – кубалық азамат, Кубаның Sin Frontera тобының солисі, жұбайы – Павлодар қаласының тумасы. Оның Қазақстанда тұрып жатқанына 10 жылдан астам уақыт болған. Осы уақыт ішінде Қазақстан өз отанымдай болып кетті дейді ол.
“Отбасымыздың түрлі мәдениет пен дәстүрді тоғыстырып отырғанына өте қуаныштымын. Қызымыз Қазақстанда дүниеге келіп, осында өсіп жатыр. Сондықтан оның кішкентай кезінен бастап осы жермен байланысын сезініп, елдің мәдениеті мен дәстүрін құрметтеп өскенін қаладым. Мен үшін бұл жай ғана әдемі мереке емес, сонымен қатар бізді бауырына басқан елге деген құрметімізді көрсетудің бір жолы. Тұсаукесер баланың өмір жолының басталуын білдіреді. Баланың тұсауын кескен кезде оның өмірде нық қадам басып, табысты, адал әрі бақытты адам болуына тілектестік білдіреді. Мен үшін бұл – өте әдемі дәстүр. Оны қызымыздың жолы ашық болып, алдынан үлкен мүмкіндіктер шығып, болашағы жарқын болсын деген тілек ретінде қабылдаймын”, – дейді Джой.
Ерлі-зайыпты тұсаукесер мерекесіне ерекше дайындалған. Бәрін дәстүрге сай өткізген. Айтуынша, тұсау кесетін адамның лайықты, бойындағы жақсы қасиеттері мен өмір жолы қызы Лиораға үлгі болатындай азамат болғанын қалаған.
“Әрине, Кубадағы туыстарымыз үшін бұл – таңсық дәстүр. Дегенмен оларға өте қызық болды. Менің ойымша, бір отбасында түрлі мәдениеттің тоғысуы олардың біреуін ғана таңдауға себеп болмауы керек. Бұл – бір-біріміздің өмірімізді байытып, мәдениетімізді өзара толықтыруға берілген мүмкіндік. Кубада да отбасылық мерекелерді, әсіресе балаларға арналған қуаныштарды ерекше жақсы көреді. Баланың өсуіндегі маңызды сәттерді атап өтіп, бүкіл отбасымызбен жиналып, оның алғашқы жетістіктеріне бірге қуанамыз. Алайда қазақтың тұсаукесеріне ұқсас дәл осындай рәсім бізде жоқ. Сондықтан бұл дәстүрмен танысып, оны өз отбасымызда өткізгеніме ерекше қуаныштымын”, – дейді ол.

Шетел азаматы қазақтың үлкенді құрметтеуі, қонақжайлығы және бүкіл отбасының бір дастархан басына жиналу дәстүрін ерекше бағалап, құрметтейді. Сондай-ақ Наурыз мерекесін жақсы көреді екен. Айтуынша, бұл мерекеден бірлік, жаңару мен ізгіліктің ерекше рухы сезіледі. Ол қазақ халқында отбасылық құндылықтар берік сақталған деп санайды.
Джой қызының тұсаукесер мерекесінде бойын қандай сезім билегенін баяндады.
“Бұл – сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Әке ретінде қызымның әрбір жаңа қадамына шексіз мақтанамын. Бұл жерде мен үшін ерекше символдық мән бар: біз тұсаукесер өткізіп, қызымыздың жолы ашық болсын деп тілек тіледік. Енді оның өмірдегі әрбір қадамы нық болғанын қалаймын. Ол қай елде өмір сүрсе де, қай тілде сөйлесе де, ең бастысы – жақсы, бақытты адам болып өссе екен. Сонымен қатар өз тамырын және өзге мәдениеттерді құрметтей білсе деймін”, – деп әкесі қызына ақжарма тілегін білдірді.

Жақындары бүлдіршіннің алдына ақша, стетоскоп, сот балғасын, доп, глобус, микрофон мен есептегіш қойған. Лиора микрофон мен есептегішті таңдаған.
Бұған дейін әлемдік футбол жұлдызға баласының тұсауын кестірген қазақстандық Дубайға барғаны туралы жазған едік. Әкесі ұлына саясаткерлердің, миллиардерлер мен әйгілі спортшылардың суреттерін көрсеткен. Олардың арасында Қасым-Жомарт Тоқаев, Дональд Трамп, Илон Маск, Майк Тайсон, Геннадий Головкин, Лионель Месси және басқа да танымал тұлғалар болған. Алайда бүлдіршін суреттердің ішінен Роналдиньоны таңдаған.
"Салт-дәстүрді "біздікі, өзгенікі" деп бөлмейміз": Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері неге балаларына тұсаукесер жасайды