Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мәнсіз партия": Карлсен Еуропадағы турнирде Бибісара Асаубаевамен ойнаудан бас тартты

шахматшы
Фото: Коллаж Stan.kz

Норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен Бибісара Асаубаевамен алғашқы ойын күнінде өтуі тиіс соңғы партияны ойнаудан бас тартты. Кейін ол мұндай шешім қабылдауына не себеп болғанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алғашқы ойын күнінде Карлсен басым түсті. Блицте ол үш партияда жеңіске жетіп, біреуінде тең түсті. Ал рапидте өткізген екі партияның екеуінде де қарсыласынан басым болды.

Осылайша, норвегиялық шахматшы күн қорытындысы бойынша айқын басымдыққа ие болды.

Осыдан кейін Карлсен жылдам классика форматындағы соңғы партияға қатысудан бас тартты. Нәтижесінде техникалық жеңіліс тіркеліп, сегіз ұпай автоматты түрде Бибісара Асаубаеваның еншісіне жазылды.

Кейін шахматшы бұл шешімін түсіндірді.

“Менің білуімше, классикалық партия болмайды. Демек, кездесу аяқталды. Ал ойынға келмегенім үшін маған сол партияда жеңіліс жазылады. Оның өзі де ештеңені шешпейтін, маңызы жоқ ойын. Егер бұл әлем чемпионаты болса және партияның нәтижесі жалпы есепке әсер етсе, онда ойынға қатысуға болар еді. Бірақ бұл – әлем чемпионаты емес. Кездесу аяқталса, демек, бітті. Оның үстіне, одан кейінгі партиялар рейтингке әсер етпеуі керек. Бұрыннан қалыптасқан тәртіп осындай. Ал ұйымдастырушылар басқа ереже енгізгісі келсе, бұл – менің жеке шешімім”, – деді Карлсен.

Айта кетейік, 18 қарашада Бибісара Асаубаева мен Магнус Карлсен екінші ойын күнінде тағы жеті партия өткізеді.

Еске салайық, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрап, спорт министрлігінен тиісті қолдау көрмей отырғанын жеткізген еді. Осыдан соң Спорт министрлігі шахматшы Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап беріп, шахмат басым спорт түріне жатпайтынын мәлімдеді.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 10:25