Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шығыс Қазақстанда тек шетелдіктерге арналған екі казино салынады

ойынхана шетелдіктер
Фото: magnific.com

Шығыс Қазақстан облысында шетелдік туристерге арналған екі казино салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құмар ойын орындары Қытаймен шекаралас Зайсан және Марқакөл аудандарында бой көтереді. Қазір жобаларды жүзеге асыруға дайындық жұмыстары басталған.

Бірінші казино Зайсан ауданындағы Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Сәтбай ауылының маңынан, халықаралық әуежайдан шамамен 10 шақырым қашықтықта салынады. Екінші нысан Марқакөл ауданындағы Ақжайлау ауылының жанынан бой көтермек.

Жобалардың басты ерекшелігі – бұл казиноларға Қазақстан азаматтары кіре алмайды. Құмар ойын орындарына тек шетелдік туристер мен сол нысандардың қызметкерлеріне кіруге рұқсат беріледі.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, жобалардың негізгі мақсаты – шетелдік туристерді тарту.

Бұған дейін Қазақстанның тағы төрт облысында казино салынатыны туралы жазған едік. 

29 желтоқсанда Мәжіліс "Туристік саланы қолдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады. Құжат Қазақстан аумағында казинолардың қызметін кеңейтуді көздейді.

Шетелдіктерге арналған ойын аймақтары келесі өңірлерде пайда болуы мүмкін:

  • Маңғыстау облысы,
  • Алматы облысы,
  • Жетісу облысы,
  • Шығыс Қазақстан облысы.

Үкіметтегі брифинг барысында министр нақты орналасатын жерді инфрақұрылымның дамуына қарай жергілікті атқарушы органдар анықтайтынын айтты.  

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 18 Қараша, 2026 08:27