Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда заңсыз қоқыс төккендерді тоқтатпақ болған тұрғынның өзі 10 тәулікке қамалды (видео)

Күдіктіні ұстау сәті
Фото: Видеодан скрин

Алматыда ассенизатор көлігінен кәріз жүйесіне лас су төгіп жатқан жүргізушіні тоқтатпақ болған тұрғын жүк көлігінің әйнектерін сындырған. Оқиға соңы жанжалға ұласып, екі ер адам да әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Наурызбай ауданында болған. Екі ер адам ассенизатор көліктеріндегі қалдықты кәріз жүйесіне төгіп жатқан. Мұны байқаған тұрғын заңсыз әрекетті тоқтатып, полиция шақыру үшін КамАЗ көлігінің жолын бөгемек болған.

Алайда жүргізуші оның талабына құлақ аспай, қозғалысын жалғастырған. Осыдан кейін тұрғын жүк көлігінің әйнектазалағышын жұлып алып, онымен алдыңғы және бүйір әйнектерін сындырған. Кейін ол бұл әрекетін көлікті мәжбүрлі түрде тоқтату мақсатында жасағанын түсіндірген.

Оқиғаға қатысқан екі ер адамға да 10 тәуліктен әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды.

"Жүк көлігін зақымдаған ер адам мүлікті бүлдіргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. КамАЗ жүргізушісіне де ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулік әкімшілік қамақ жазасы тағайындалды", – делінген полиция хабарламасында. 

Бұдан бөлек, КамАЗ жүргізушісі көлікті сақтандыру полисінсіз және тиісті санаттағы жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін оған айыппұл салынды.

Жүк көлігі арнайы айып тұрағына қойылған.

Еске салсақ, бұған дейін алаяққа алданғанын айтып шағымданған қазақстандықтың өзі де сотталуы мүмкін екені туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 22:57