Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қағаз майлықтар жаңа Stadler пойызының дәретханасын істен шығарған: ҚТЖ ескерту жасады

Вагон
Фото: stadlerrail.com, видеодан скрин

Қазақстандық әйел жаңа Stadler пойыздарының біріндегі дәретхана жолаушыларға бір күн бойы жабық болғаны наразылық білдірді. "Жолаушылар тасымалы" компаниясы ақаудың себебін түсіндіріп, жолаушыларды санитарлық жүйені дұрыс пайдалануға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға туралы жолаушылардың бірі әлеуметтік желіде хабарлады. Ол пойыздағы дәретхананың күні бойы жұмыс істемегенін айтып, видео жариялаған.

"Жаңа Stadler пойызы, бірақ дәретханалары күні бойы істемейді. Пойызды кінәлағым келмейді, бұған ҚТЖ-ның қатысы жоқ. Ал памперс тастап, соның салдарынан жүйенің бұзылуына себеп болған адамдарға не деуге болады?", – деп жазды жолаушы.

Жазбаға пікір білдірген "Жолаушылар тасымалы" АҚ өкілдері вагондардың біріндегі дәретхананың уақытша жабылғанын растады. Компания мәліметінше, жүргізілген тексеру нәтижесінде санитарлық-техникалық жүйенің қағаз майлықтардан бітеліп қалғаны анықталған.

Мамандардың ақауды жою жұмыстарын жүргізіп жатқаны атап өтілді.

“Ескерту белгілері мен жазулардың болуына қарамастан, жолаушылардың дәретхананы пайдалану ережелерін сақтамау жағдайлары тіркеліп отырғанын атап өтеміз. Дәретхана қағазының, жеке гигиена құралдарының және басқа да бөгде заттардың жүйеге түсуі жабдықтың істен шығуына әкеледі”, – делінген хабарламада. 

Осыған байланысты жолаушыларға санитарлық тораптарды пайдалану талаптарын сақтап, вагон жабдықтарына ұқыпты қарау қажеттігі ескертілді.

 

Дәретхананы бүлдірген жолаушы жазалануы мүмкін бе? 

Егер жолаушының әрекетінен пойыздағы жабдық істен шықса, тасымалдаушы одан келтірілген материалдық шығынды өтеуді талап етуге құқылы. Бұл азаматтық кодекстің 917-бабында қарастырылған. Атап айтқанда, бітелген жүйені тазалауға, жабдықты жөндеуге немесе жарамсыз бөлшектерін ауыстыруға кеткен шығын кінәлі адамнан өндірілуі мүмкін.

Жолаушыны келтірілген шығын үшін жауапқа тарту үшін оның әрекеті мен жабдықтың бұзылуы арасындағы байланыс дәлелденуі керек. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарына кеткен нақты шығын көлемі де расталуға тиіс.

Мұндай жағдайда куәгерлердің айғақтары, жолаушының кінәсін мойындауы немесе жолсеріктің оқиғаны тіркеуі маңызды дәлел бола алады. Егер нақты кінәлі адамды анықтайтын дәлелдер болмаса, шығынды белгілі бір жолаушыдан өндіріп алу қиынға соғады. Сондықтан мұндай жөндеу шығындары іс жүзінде көбіне тасымалдаушы компанияның мойнында қалады.

Еске салсақ, бұған дейін жаңа Stadler вагондары алғаш рет Астана-Алматы бағдарына жол тартқаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 19:40