Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ерлер мен әйелдер бір купеде отырмайды: Қазақстанда пойыз билеттерін сатудың жаңа жүйесі енгізілмек

билет
Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ

Қазақстанда пойыз билеттерін сатудың жаңа жүйесі енгізілуі мүмкін. Оған сәйкес, бір купеде тек ер адамдар немесе тек әйелдер отырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл ұсынысты Threads желісіндегі Baby27alien атты қазақстандық қолданушы айтты. Ол пойыз билеттерін осындай жүйемен сатуды ұсынған.

“Түркияда бір купеге ер адам мен әйелге бірге билет сатылмайтынын енді білдім. Демек купедегі орынды бірінші болып ер адам сатып алса, кейін сол купеге тек ер адамдар ғана билет ала алады. Ал орынды әйел адам бірінші сатып алса, оған кейін тек әйелдер ғана қосылады. Неге Қазақстанда да осындай жүйені енгізбеске?”, – деп жазды ол.

Қазақстандық әйелдің жазбасына “Қазақстан темір жолы” ҰК” АҚ өкілдері жауап берді.

Компания бұл жүйені Қазақстанда енгізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

“Сәлеметсіз бе! Бұл жүйені қазір мамандарымыз зерттеп жатыр. Кейін оны енгізу мәселесі қарастырылады. Айта кетейік, қазір ұлттық тасымалдаушы негізгі бағыттарда “әйелдер вагоны” қызметін енгізген”, – делінген жауапта. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық 20 жастағы қыз Маңғыстау-Алматы бағытындағы пойызда өзіне 69 жастағы ер адамның тиісіп, қол жүгірткенін айтып шағымданды. Айтуынша, ер адам ерсі қылықтар көрсетіп, түн ортасында тізесінен қысып, ұстап жатқан. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2026 17:39