Пойызда қызға қол жүгірткен ер адамның үстінен екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалды
Маңғыстау-Алматы бағытындағы пойызда қызға қол жүгірткен 69 жастағы ер адам ұсталып, полицияға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
20 жастағы жәбірленуші күдіктінің үстінен арыз жазғанын мәлімдеді. Айтуынша, күдікті жәбірленушіге сол кезде 80 мың теңге ақша ұсынған. Алайда қыз ақшадан бас тартқан.
Болған жағдайға қатысты Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті ер адамның ұсталып, үстінен екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Көліктегі полиция бөлімінің Қызылорда станциясындағы қызметкерлері құқық бұзушының жеке басын анықтады. Қызылорда қаласының 69 жастағы тұрғыны ұсталып, полицияға жеткізілді. Ол жасаған құқық бұзушылықтары үшін бірден ұсақ бұзақылық және түнгі уақытта тыныштықты бұзу фактілері бойынша жауапкершілікке тартылды. Тыныштықты бұзғаны үшін ер адамға әкімшілік айыппұл салынды. Ал ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар қарау үшін сотқа жолданды”, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің ресми өкілі Ләззат Қасымжанова.
Көліктегі полиция департаменті азаматтардың қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін кез келген заңға қайшы әрекеттің дереу тоқтатылатынын және кінәлілердің заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертті.

Бұған дейін қазақстандық 20 жастағы қыз Маңғыстау-Алматы бағытындағы пойызда өзіне 69 жастағы ер адамның тиісіп, қол жүгірткенін айтып шағымданды. Айтуынша, ер адам ерсі қылықтар көрсетіп, түн ортасында тізесінен қысып, ұстап жатқан.
Пойызда қызға қол жүгірткен ер адамның үстінен екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалды