Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тіземді ұстап жатты": Қазақстандық қыз пойызда ер адамның өзіне азғындық жасамақ болғанын айтты

Ер адам азғындық пойыз (1)
Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық 20 жастағы қыз пойызда өзіне 65 жастағы ер адамның тиісіп, қол жүгірткенін айтып шағымданды. Оқиға 29 тамыз күні Маңғыстау-Алматы бағытындағы пойызда болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Автор әлемуметтік желіде оқыс жағдайдың тал түсте болғанын жазды.

“Басында амандастық, қайда баратынымды сұрады. Өзі де Алматыға  бара жатыр екен. Руымды сұрады. Басқа артық әңгіме болған жоқ. Кейін жүріс- тұрысы, қылықтары біртүрлі көріне бастады. Маған қайта қайта қарап, құмарта қарағандай болды. Мен мән бермегендей, телефон қарап жаттым. Кейін бір қалсам шынтағын столға тіреп, басын барынша маған жақындатып, көзін бақырайтып, ернін шүртитіп отыр. Бір кезде аяғын менің матрасыма, кейін аяғын менің аяғыма тигізе бастады. Мен аяғымды тартып, тұрып кеттім. Бірде бір жерін ұстап, қасып маған көрсетіп жатты. Телефонның жарығын сол жеріне түсіріп, әдейі көрсетіп жатты”, – деп жазды автор.

Айтуынша, түн ортасында ұйықтап кетіпті. Алайда араға бір сағат салмай шошып оянған.

“2:30-да ұйықтап кеттіппін, бірақ 3:15-те атып тұрдм. Себебі менің тіземді қолымен ұстап, қысып жатыр екен. “Не істеп жатырсыз, тартыңыз қолыңызды” деп айқайлап жбердім. Содан бері ұйқы жоқ, жарықты жағып, видеоға түсіріп жаттым. Қояр емес, маған қолымен жүрек көрсетіп, ернін шүртитіп, сүйгісі келгендей ишара жасады. Жолсерікке айтты, бірақ арыз жазбадым. Құдайға тапсырдым”, – делінген жазбада.

Болған жағдайға қатысты Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті пікір білдірді. Полицияның мәліметінше, Қызылорда станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері "Маңғыстау – Алматы" бағытындағы пойызда жолаушыға қатысты оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

“Тексеру нәтижелері негізінде құқық бұзушының әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі. Көлік полициясы қоғамдық орындарда азаматтардың жеке басына қол сұғудың, қорлайтын әрекеттер жасаудың немесе құрметсіздік танытудың кез келген түрі заңға қайшы екенін еске салады”, – деп хабарлады Көліктегі полиция департаментінің ресми өкілі Ләззат Қасымжанова.

Сондай-ақ ол азамат құқық бұзушылықтың құрбаны немесе куәгері болса, дереу полиция қызметкерлеріне хабарласыңыз немесе 102 нөміріне қоңырау шалуға шақырды.

“Қазақстан темір жолы” АҚ Пойыз бастығының баяндамасына сілтеме жасап, №077ХА пойызының №10 вагонында Алматы-1 станциясына жақындағанда жолаушы вагон жолсерігіне жүгініп, басқа жолаушының өзіне қатысты орынсыз әрекет жасағанына шағымданғанын мәлімдеді. 

“Оқиға туралы ақпарат алған пойыз бастығы дереу оқиға орнына барып, жағдайды анықтаған. Жағдайды ресми түрде тіркеп, құқық бұзушыны Алматы-1 станциясының Желілік полиция бөліміне тапсыру мақсатында полиция қызметкерлерін шақыру ұсынылған. Алайда шағымданушы жолаушы полиция қызметкерлерін шақырудан және оқиғаны ресми түрде рәсімдеуден бас тартқан. Осыған байланысты оның полицияға жүгінуден және ресми шағым беруден өз еркімен бас тартқаны туралы қолхат алынды”, – деп хабарлады ҚТЖ.

Осылайша, оқиға бойынша пойыз бригадасы өз құзыреті шегінде және қолданыстағы регламент талаптарына сәйкес тиісті шараларды қабылданған.

Жәбірленуші өзінің жазбасында полицияға арыз жазбауының себебін түсіндірді.

“Арыз жазбадым себебі дәл сол сәтте артық проблема қажет емес еді. Полиция шақыртсам, мен де пойыздан түсіп қалып, соның шаруасымен жүретін едім. Мен оқуға бара жатырмын”, – деп жазды автор.

Айтуынша, ол бұған дейін купег мініп көрмегенін, оқу жылының басталуына орай билет алу қиын болғандықтан, бар билетті сатып алған едім дейді қыз.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 31 Тамыз, 2026 16:49