"Кеудеме қолын тигізді": Пойызда 70 жастағы шал студент қызға тиісіп, қашып кеткен (видео)

Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойызда 70 жастағы қария түннің бір уағында студент қыздың кеудесін ұстаған. Сосын ер адам пойыздан түсіп қашып кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бар жағдайды Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында werty02ala есімді қолданушы баяндады. Ол төменгі орында ұйықтап жатқан кезде егде жастағы ер адам кеуде тұсына қолын қойған. Қыз шошып “Не істеп жатырсыз?” деп сұрағанда, ер адам кешірім сұрап, теріс қарап жатып қалған. Алайда көп ұзамай орнынан тұрып, дәретханаға қарай кеткен.
“14 мамыр күні Ақтөбе-Алматы бағытындағы пойызда түнгі сағат 3:10-3:20 шамасында астыңғы орында ұйықтап жатқан едім. Бір шал кеудеме қолын қойып, көзі бақырайып жатыр. Шошып оянып "не істеп жатырсыз" дедім. Ал ол кісі "кешір, болды" деп теріс қарап жатып қалды. Сосын аяқ-киімімді лақтырып жібердім. 5 минуттан кейін әжетханаға қарай кетіп қалды. Артынан шығып, әйелге жағдайды айттым. Ал ол кісі: "Сені зорлады ма? Тиіссе салып қалып, жата бермейсің бе" деп айтты. Ал шал сол уақытта станциядан түсіп, қашып кетті”, – дейді қыз.
Жәбірленушінің айтуынша, қыздан бар жағдайды естіген әйел ер адамның пойыздан түсіп, қашып кетуіне көмектескен. Кейін студент қыз құқық қорғау органдарына жүгініп, іс сотқа дейін жеткен.
“Онлайн әкімшілік сот өтті. Сот бұл кісіні кінәлі деп танып, 85 мың теңге көлемінде айыппұл салды. Сонда әр адам біреуге тиісіп, 80 мың теңге айыппұл төлеп құтыла бере ме? Осы оқиғадан кейін төрт күн бойы ұйықтай алмадым. Психологқа барғым келеді, бірақ студент болған соң оған ақшам жоқ. Әлі күнге дейін түнде біреу ұстап жатқандай сезіммен қайта-қайта оянып кетемін. Менің орнымда кішкентай қыз болса не болар еді? Ол кісі 70 жаста. Бұл мен үшін өте ауыр күйзеліс болды”, – дейді жәбірленуші.
70 жастағы қария ұсталды
Оқиғаға қатысты “Жолаушылар тасымалы” АҚ түсініктеме берді. Компанияның мәліметінше, жолаушы қыз пойыз бригадасына өзіне қатысты орынсыз әрекет жасалғанын хабарлаған.
“Осыдан кейін пойыз қызметкерлері желілік полициямен байланысып, Түлкібас станциясында қыздан арыз қабылдады. Материалдар әрі қарай қарау үшін құқық қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар күдікке ілінген жолаушы Луговая станциясында пойыздан өз еркімен түсіп кеткен. Кейін оны полицейлер ұстады. “Жолаушылар тасымалы” АҚ пойыз бригадасы жедел әрекет етіп, белгіленген тәртіпке сәйкес шаралар қабылдады”, – делінген жауапта.
Көліктегі полиция департаменті де жауап берді.
“Биыл 16 мамырда “Алматы – Ақтөбе” бағытындағы пойызда болған оқиға бойынша Түрксіб станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің қызметкерлері 70 жастағы жолаушыны анықтап, ұстады. Көлік полицейлері аталған азаматты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша жауапкершілікке тартты. Іс Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына қарауға жолданды”, – делінген жауапта.
Департамент мәліметінше, сот шешімімен құқық бұзушы кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, бұған дейін пойызда бейтаныс қызға тиіскенін айтқан экс-жайдарманшы Айбек Байназаров сынның астында қалғаны туралы жазған едік.
Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: Куәгерлер "сотталушы ішімдік ішті ме?" деген сұраққа жауап бере алмады
Оқыңыз
Оқыңыз