Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Балағаттап, агрессия танытты": Қазақстандық әйелге пойызда мас жолаушы тиіспек болған

Мас жолаушы

Фото: Видеодан скриншот

Қазақстандық әйел Қызылорда-Павлодар бағытындағы пойызда өзіне мас жолаушы тиісіп, агрессивті әрекет жасағанын мәлімдеді. Түнде баласымен жалғыз келе жатқан жолаушы полиция шақыруға мәжбүр болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Әйел Treads желісінде жазба жариялады.

“№117 Қызылорда-Павлодар пойызы, 26 сәуір 2026 жыл. Мен баламмен купеде жалғыз келе жаттым: 9-вагон, 3-орын. Уақыт 00:30 шамасы, Қазалы станциясы еді. Билет дерегі бойынша, жолаушыға №29 орын берілген. Алайда ол №1 орынға, яғни мен отырған купеге ауыстырылған. Ол масаң күйде болды, маған тиісіп, балағаттап, агрессивті әрекет көрсете бастады. Осы жерде сұрақ туындайды: мұндай қылық қаншалық жол беріледі және жолаушылардың қауіпсіздігіне кім жауапты?” – деп жазды әйел.

Оның айтуынша, нақты қауіп төнгендіктен, полицияға жүгінуге мәжбүр болған.

“Шынайы қауіп болғандықтан, полиция шақыруға мәжбүр болдым. Сексеуіл станциясында 102 нөміріне хабарластым. Уақыт 03:17 еді. Таңертең шамамен 5 сағаттан кейін полиция қызметкері келіп, түсініктеме алды”, – деді ол.

Әйел қатты шаршағанын және өзі мен баласының қауіпсіздігіне алаңдағанын айтып, сол сәтте арыз-шағымнан бас тартуға мәжбүр болғанын жеткізді.

“Үш тәулік ұйықтамағандықтан, физикалық тұрғыдан қатты шаршадым. Сонымен қатар өзімнің және баламның қауіпсіздігіне алаңдадым. Ол адамды басқа орынға ауыстырғаннан кейін де бізді жайымызға қалдырмай ма деп қорықтым. Сол себепті “шағымым жоқ” деген мазмұнда арызға қол қойып, видеоүндеу жазуға мәжбүр болдым”, – деп түсіндірді ол.

Кейін жолаушы қайтадан ресми шағым түсіруге шешім қабылдаған.

“Жолаушылардың қауіпсіздігі кез келген жағдайда және адамдардың мәртебесіне қарамастан қамтамасыз етілуі керек. Қазір мен қайтадан ресми шағым түсіріп, болған оқиғаның мән-жайын тексеруді талап етіп отырмын”, – деді әйел.

Көліктегі полиция департаменті бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.

“Тексеру нәтижесінде көлік полициясы қызметкерлері құқықбұзушыны анықтады. Оған қатысты қоғамдық орында мас күйде жүру және ұсақ бұзақылық деректері бойынша әкімшілік іс қозғалды. Ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады”, – деп хабарлады ведомство.

Әлеуметтік желі қолданушылары видеодағы ер адамның белгілі КВН ойыншысы Ақылбек Скендиров екенін жарыса айтып жатыр. Олар оны әйелдің жазбасына белгілеген.

“Ол КВН ойыншысы ғой. Атын білмеймін”, – деп жазды қолданушылар.

Сондай-ақ оның Instagram парақшасында да осы жағдайға қатысты пікірлер пайда бола бастады.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 15:27