Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы қазақстандықтар жаппай қоныс аударған қала аталды

Туристер
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда ішкі көші-қон қарқыны артып, тұрғындардың басым бөлігі ірі қалаларға қоныс аударуды жалғастырып жатыр. 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында ел ішінде 1,4 миллион адам тұрғылықты жерін ауыстырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның дерегінше, биылғы тоғыз айда Қазақстандағы ішкі көшіп-қонушылар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға артқан. Былтыр осы уақытта 1,3 миллион адам қоныс аударса, биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллионға жеткен.

Соңғы он жылда ел ішіндегі көші-қон көлемі үш еседен астам өскен. Мәселен, 2016 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 386,1 мың адам тұрғылықты жерін ауыстырған. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 825,9 мың адамға жеткен. 2020-2022 жылдары көші-қон көлемі 580-590 мың адам аралығында болса, 2023 жылдан бастап қайта өсе бастаған.

Қала халқының көші-қон өсімі баяулаған

2026 жылдың тоғыз айында қалалардан 896,3 мың адам көшіп кеткен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 62,3 мың адамға көп. Ал қалаларға қоныс аударғандар саны 939,4 мыңнан 983,1 мың адамға дейін өскен.

Ауылдық жерлерде керісінше, көшіп келгендер санының өсу қарқыны жоғары болған. Ауылдарға қоныс аударғандар саны 387,4 мыңнан 421,1 мың адамға жетсе, ауылдан көшіп кеткендер саны 492,8 мыңнан 507,9 мың адамға артқан.

Осылайша, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйегінде қалалардағы ішкі көші-қон өсімі 86,8 мың адамды құрады. Былтыр бұл көрсеткіш 105,4 мың адам болған. Яғни қала халқының көші-қон есебінен өсуі бір жылда 18,6 мың адамға азайған.

Астанаға көшкендер саны Алматы мен Шымкенттен көп

Өңірлер арасында көші-қон өсімі бойынша Астана көш бастап тұр. Биыл тоғыз айда елордаға 257,3 мың адам көшіп келіп, 205,3 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Нәтижесінде қала халқының көші-қон есебінен өсімі 52 мың адамға жеткен.

Бұл – Алматы мен Шымкенттегі өсімді қосқандағы көрсеткіштен де жоғары.

Алматыға аталған кезеңде 225,4 мың адам көшіп келіп, 196,4 мың адам қаладан кеткен. Осылайша, оңтүстік астананың көші-қон өсімі 29 мың адамды құрады.

Шымкентке 118,8 мың адам қоныс аударса, 107,6 мың адам қаладан көшіп кеткен. Нәтижесінде қала халқының өсімі 11,1 мың адам болған.

Көші-қон есебінен халық саны артқан өңірлер қатарында Алматы және Ақмола облыстары да бар. Алматы облысына 151,4 мың адам көшіп келіп, 143,1 мың адам кеткен. Өңірдегі өсім 8,3 мың адамды құрады.

 

Түркістан облысынан көшкендер көп

Қазақстанның қалған облыстарында көшіп кеткендер саны келгендерден басым. Ең үлкен көші-қон шығыны Түркістан облысында тіркелген.

Биыл тоғыз айда өңірге 111,1 мың адам көшіп келсе, 143,2 мың адам басқа жаққа қоныс аударған. Осылайша, облыс халқының көші-қон есебінен азаюы 32,1 мың адамға жеткен.

Екінші орында – Жамбыл облысы. Мұнда 48,7 мың адам көшіп келіп, 64,2 мың адам кеткен. Көші-қон шығыны 15,5 мың адамды құрады.

Қызылорда және Жетісу облыстарында да ішкі көші-қон салдарынан халық саны 9,4 мың адамға азайған. Абай облысында бұл көрсеткіш 7,1 мың адам болды.

Басқа облыстардағы көші-қон шығыны 2,3 мыңнан 4,1 мың адамға дейін жеткен.

Ірі қалаларға көбіне көршілес облыстардың тұрғындары көшеді

Статистикаға сүйенсек, Астана, Алматы және Шымкентке қоныс аударушылардың басым бөлігі көршілес облыстардан келеді.

Мәселен, Астанаға Ақмола облысынан 22,8 мың адам көшіп келген. Сонымен қатар Түркістан облысынан 15,2 мың, Алматы қаласынан 13,4 мың адам Астанаға қоныс аударған.

Алматыға көшкендердің ең көп бөлігі Алматы облысының тұрғындары. Биыл тоғыз айда көршілес өңірден 55,9 мың адам Алматыға келген. Бұдан бөлек, Жамбыл облысынан 12,9 мың, Астанадан 11,1 мың адам көшіп барған.

Шымкентке негізінен Түркістан облысының тұрғындары қоныс аударады. Осы кезеңде көршілес облыстан 44,9 мың адам қалаға көшкен. Сондай-ақ Астанадан 7 мың, Алматыдан 4,3 мың адам Шымкентке қоныс аударған.

Көші-қон шығыны жоғары өңірлерден де ірі қалаларға бағытталған ағын байқалады. Түркістан облысынан Алматыға 10,4 мың адам көшсе, Жамбыл облысынан Астанаға 9,7 мың адам қоныс аударған.

Қызылорда облысынан Астанаға 8 мың адам көшкен. Бұл Алматыға қоныс аударғандар санынан екі есе көп. Ал Жетісу облысынан Алматыға 10,2 мың, көршілес Алматы облысына 8,3 мың адам көшіп барған.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстан билігі Алматы, Астана және Шымкенттен көшіп, жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударғандарға қаржылай көмек көрсететіні туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 17 Қараша, 2026 22:13