Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанға көшіп келген қандастарға мемлекет қанша ақша төлейді

Куәлік
Фото: gov.kz

Қазақстанға тарихи отанына оралғысы келетін этникалық қазақтар қандас мәртебесін алып, мемлекеттен көшуге және баспана жалдауға қаржылай көмек ала алады. Ол үшін алдымен қоныстанатын өңірді таңдап, қазақ тілінен тест тапсырып, арнайы іріктеуден өту қажет. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.  

 

Қандас мәртебесін қалай алуға болады?

 

  • Ең алдымен, Қазақстанға көшіп келгісі келетін азамат қоныстанатын өңірді таңдауы керек. 2026 жылы қандастарды қабылдауға арналған өңірлік квота Павлодар, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарына бөлінген.
  • Келесі кезеңде талапкер қазақ тілінен тест тапсырады. Тестілеу testcenter.kz сайтында өткізіледі. 60 сұрақтан тұратын сынақта тыңдалым және оқылым бөлімдерінің әрқайсысынан кемінде 70% жинау қажет.
  • Одан кейін үміткер арнайы сауалнама толтырады. Онда білімі, жұмыс тәжірибесі, кәсіби дағдылары, тіл білу деңгейі, денсаулығы және отбасы құрамы туралы ақпарат көрсетіледі. Осы мәліметтер негізінде оның Қазақстанға қоныстану әлеуеті бағаланады.
  • Бұдан соң өтініш берушінің деректерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі тексереді. Тексеруден өткен азамат әңгімелесуге шақырылады. Барлық кезеңнің нәтижесі бойынша шешім қабылданады.
  • Іріктеуден сәтті өткен адам қандас мәртебесін алу үшін өтініш бере алады. Құжаттарды рәсімдеу және көші-қон қызметтері бойынша ақпаратты migration.enbek.kz порталынан алуға болады.

 

Қандастарға мемлекет қанша ақша береді?

2026 жылы қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы 8 278 адам болып белгіленген. Оның ішінде қандастарға арналған орындар сегіз облысқа бөлінген:

  • Павлодар облысы – 977 адам;

  • Ақмола облысы – 285 адам;

  • Абай облысы – 264 адам;

  • Шығыс Қазақстан облысы – 200 адам;

  • Солтүстік Қазақстан облысы – 200 адам;

  • Қостанай облысы – 200 адам;

  • Атырау облысы – 125 адам;

  • Батыс Қазақстан облысы – 30 адам.

Өңірлік квотаға енген қандастарға бірнеше түрлі көмек көрсетіледі.

  • Біріншіден, көшіп келу шығынын өтеу үшін отбасының әр мүшесіне бір рет 302 750 теңгеден төленеді.
  • Екіншіден, баспана жалдау және коммуналдық қызмет ақысын төлеуге ай сайын 64 875 теңгеден 129 750 теңгеге дейін субсидия беріледі. Оның мөлшері отбасы мүшелерінің саны мен қоныстанған жеріне байланысты. Бұл көмек 12 айға дейін төленеді.
  • Үшіншіден, қандастарды жұмысқа орналастырып, көшуіне көмектескен жұмыс берушілерге 1 730 000 теңге көлемінде субсидия қарастырылған.

Бұдан бөлек, мемлекет қандастарға қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өтуге, жұмыс табуға немесе жеке кәсібін ашуға көмектеседі. Сондай-ақ баспана сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификатын алуға болады. Алайда аталған қаржылай қолдау шаралары Қазақстанға көшіп келген барлық адамға автоматты түрде берілмейді. Ол үшін қандас өңірлік квотаға енгізілуі керек.

Айта кетейік, бұған дейін қандастарға қазақ тілінен тестті бірнеше рет тапсыруға мүмкіндік берілді. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 06 Қараша, 2026 10:42