Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елге жаңа миллиаррдер қосылды: Higgsfield негізін қалаушылардың бірі Қазақстан азаматтығын алды

Александр Машрабов
Фото: Highsfield AI баспасөз қызметі

Құны 5,4 миллиард долларға бағаланған Higgsfield жасанды интеллект стартапының негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Кәсіпкер жаңа төлқұжатын алған соң Қазақстанды ресми түрде өз үйі деп атай алатынын мақтан тұтатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

“Елімді ресми түрде өз үйім деп атап, Қазақстанның бір бөлігіне айналу – мен үшін үлкен мақтаныш”, – деді ол.

Алекс Машрабов бұған дейін Ресей азаматы болған. Әкесі Өзбекстаннан шыққан кәсіпкер мансабын АҚШ-тың технологиялық индустриясында қалыптастырған. Оның алғашқы стартапы AI Factory болды. 2019 жылы бұл компанияны Snapchat иесі Snap 166 миллион долларға сатып алды. Кейін Машрабов Snap компаниясында генеративті жасанды интеллект бағытын басқарды.

2023 жылы ол қазақстандық кәсіпкер Ерзат Дулатпен бірге Higgsfield компаниясын құрды. Стартап жасанды интеллект көмегімен видео мен сурет жасауға арналған құралдар әзірлейді. 2026 жылдың тамызында компания инвесторлардан 400 миллион доллар тартып, нарықтық бағасы 5,4 миллиард долларға жетті.

Forbes деректеріне сүйенсек, кәсіпкер Алекс Машрабовтың Higgsfield компаниясындағы үлесі 20 пайыздан асады, ал кей сарапшылар оны 25–30 пайыз деп бағалайды. Стартаптың құны 5,4 миллиард долларға жеткенін ескерсек, Машрабовқа тиесілі үлестің есептік құны шамамен 610–732 миллиард теңге.

Компанияда Ерзат Дулат техникалық директор қызметін атқарады. Ол стартаптың технологиялық бағытына, жасанды интеллект құралдарын әзірлеу мен жетілдіруге жауап береді. Ал Алекс Машрабов компанияның бас директоры ретінде өнімді халықаралық нарыққа шығаруға, пайдаланушылар мен инвесторлар тартуға басымдық береді.

Еске салсақ, Машрабов Қазақстан азаматтығын алған алғашқы технологиялық кәсіпкер емес. Бұған дейін inDrive негізін қалаушы Арсен Томский де Қазақстан паспортын алған еді. Ол Forbes Kazakhstan бай қазақстандық кәсіпкерлер рейтингінде 865 миллион доллар байлығымен 12-орында тұрған.

Айта кетейік, ,бұған дейін Қазақстандағы ең ірі коммерциялық нысандар кімге тиесілі екені белгілі болды. 

Айнура Дарибаева
Жұма, 06 Қараша, 2026 09:11