MEGA, Dostyk Plaza, Esentai Mall: Қазақстандағы ең ірі коммерциялық нысандар кімге тиесілі
Қазақстандағы ең ірі 20 коммерциялық жылжымайтын мүлік иесіне тиесілі сауда орталықтары мен бизнес-орталықтар жылына шамамен 249,8 миллиард теңге түсім әкеледі. Олардың иелігінде Алматы, Астана және Шымкент қалаларындағы 72 нысан бар. Жалпы коммерциялық алаңы 1,5 миллион шаршы метрге жетеді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Коммерциялық жылжымайтын мүлік кімдердің қолында?
Forbes Kazakhstan рейтингіне сауда орталықтары, сауда-ойын-сауық орталықтары және бизнес-орталықтардың иелері енген. Тізімдегі нысандардың 39-ы бизнес-орталық, 33-і сауда және сауда-ойын-сауық орталығы.
Нысандардың басым бөлігі Алматыда орналасқан. Қалада 46 нысан бар. Астанада – 24, Шымкентте – 2 нысан.
Жалпы коммерциялық алаңның 73,2% Алматыға тиесілі. Бұл қаладағы нысандардың есептік алаңы 1,1 миллион шаршы метрден асады. Астанадағы көрсеткіш – 372,5 мың, Шымкентте – 31,4 мың шаршы метр.

Рейтингте кімдер көш бастады?
Ең ірі коммерциялық нысандардан түсетін болжамды табыс бойынша бірінші орында кәсіпкер Нұрлан Смағұлов тұр. Оның иелігіндегі MEGA сауда орталықтарының жылдық болжамды түсімі 70 миллиард теңге деп бағаланған. Олардың қатарында Алматыдағы MEGA Alma-Ata, MEGA Park және Астанадағы MEGA Silk Way бар.
Екінші орында Тимур Құлыбаев тұр. Оған тиесілі Mercury Properties компаниясының нысандарынан түсетін болжамды табыс 42,96 миллиард теңге. Компанияның портфелінде сауда орталықтары мен бизнес-орталықтар бар.
Үшінші орында 30,25 миллиард теңге көрсеткішімен Серік Төлбасы орналасқан. Оның активтерінің қатарында Алматыдағы Dostyk Plaza, Астанадағы “Еуразия” және Шымкенттегі Shymkent Plaza сауда орталықтары бар.
Алғашқы бестікті 16,2 миллиард теңге болжамды түсіммен Болат Өтемұратов және 11,73 миллиард теңгемен Мұқашевтар отбасы түйіндейді. Өтемұратовтың активтеріне Talan Towers және Алматыдағы бірнеше бизнес-орталық, ал Мұқашевтар отбасына Aport Mall West пен Aport Mall East сауда орталықтары кіреді.
Рейтингтің алғашқы ондығына сондай-ақ Белoвичтер отбасы, Сержан Жұмаш, Қайрат Боранбаев, Айдан Сүлейменова және Ғабит Бейсенбаев енген.
Ең ірі 20 меншік иесінің болжамды түсімі
Рейтингке енген кәсіпкерлер мен отбасылардың коммерциялық нысандарынан түсетін жылдық болжамды түсім мынадай:
- Нұрлан Смағұлов – 70 млрд теңге;
- Тимур Құлыбаев – 42,96 млрд теңге;
- Серік Төлбасы – 30,25 млрд теңге;
- Болат Өтемұратов – 16,2 млрд теңге;
- Мұқашевтар отбасы – 11,73 млрд теңге;
- Беловичтер отбасы – 10,9 млрд теңге;
- Сержан Жұмаш – 10,78 млрд теңге;
- Қайрат Боранбаев – 10,78 млрд теңге;
- Айдан Сүлейменова – 7,98 млрд теңге;
- Ғабит Бейсенбаев – 6,33 млрд теңге;
- Сәрсеновтер отбасы – 5,71 млрд теңге;
- Алексей Нефедов – 5,47 млрд теңге;
- Сәуле Ахметова – 5,25 млрд теңге;
- Сандуғаш Кемелбаева – 4,38 млрд теңге;
- Александр Чукреев – 2,76 млрд теңге;
- Яков Цхай – 2,26 млрд теңге;
- Арманжан Байтасов – 1,8 млрд теңге;
- Абылай Жұмаділлаев – 1,55 млрд теңге;
- Айдын Рахымбаев – 1,38 млрд теңге;
- Сағиятулла Сәрсенов – 1,33 млрд теңге.
Сауда орталықтары бизнес-орталықтардан көбірек табыс әкеледі
Зерттеудегі жалпы болжамды түсімнің 184,6 миллиард теңгесі немесе 73,9% сауда және сауда-ойын-сауық орталықтарына тиесілі. Ал бизнес-орталықтардан түсетін табыс 65,2 миллиард теңге деп бағаланған.
Бір сауда орталығының 2025 жылғы орташа болжамды түсімі 6,3 миллиард теңге болса, бір бизнес-орталықтікі – 1,8 миллиард теңге.
Қалалар бойынша алғанда, Алматыдағы нысандардың болжамды түсімі 169,1 миллиард теңгеге жетеді. Бұл жалпы соманың 67,7%. Астанадағы нысандар 73,8 миллиард теңге, ал Шымкенттегілері 6,9 миллиард теңге түсім әкеледі деп бағаланған.
Айта кетейік, бұған дейін біз еліміздегі ТОП-10 ең қымбат қонақүйлер рейтингін жасаған едік.
Jennifer Lopez, Backstreet Boys, Kanye West: Әлемдік жұлдыздарды шақыру құны қанша