Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Bazis A негізін қалаушысының ұлы Алматы облысында 3 миллиард теңгеге ет комбинатын ашты

ет
Фото: Pixabay

Алматы облысының Кеген ауданында 3 миллиард теңгеге ет өңдеу кешені іске қосылды. “Кеген МясПром” кәсіпорны тәулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдеп, 20 түрлі жартылай фабрикат шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның түпкі иесі – Bazis A құрылыс корпорациясының негізін қалаушы Александр Беловичтің ұлы Павел Белович. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

Алматы облысының Кеген ауданында “Кеген МясПром” ет өңдеу кәсіпорны ашылды. Жобаға 3 миллиард теңге инвестиция салынған. Жаңа өндіріс орны жергілікті 50-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтыған. Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, кәсіпорын тәулігіне 10 тоннаға дейін ет өңдеп, 20 түрлі жартылай фабрикат шығаруды жоспарлап отыр. Өндірістік кешеннің тәуліктік қуаты ірі қараның 120 басын, ұсақ малдың 100 басын және 20 жылқыны өңдеуге есептелген. Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов жаңа кәсіпорын шалғай аудандағы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беретініне сенімді. Атап айтқанда, жергілікті тұрғындар малын алысқа тасымалдамай, өз ауылында тиімді шарттармен өткізе алады.

“Кеген МясПром” директоры Светлана Козубакованың сөзінше, кәсіпорын техника сатып алу үшін мемлекеттік субсидия алған. Алдағы уақытта өндіріс кешенінің жанынан 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын ашу жоспарланып отыр.

Adata деректеріне сәйкес, “Кеген МясПром” кәсіпорнының түпкі иесі – Bazis Holding Company. Оның құрылтайшылары қатарында “Базис Девелопмент” және инвестициялық-өндірістік компания бар. Бұл компаниялар кәсіпкер Павел Беловичке тиесілі.

Павел Белович – Қазақстандағы ірі құрылыс корпорацияларының бірі Bazis A негізін қалаушы Александр Беловичтің ұлы. 

Айта кетейік, бұған дейін Forbes Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің рейтингін жариялап, Беловичтер отбасын 600 миллион доллар байлықпен 18-орынға орналастырған еді.

Айнура Дарибаева
Сейсенбі, 27 Қазан, 2026 16:41