Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Вячеслав Ким, Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев: Қазақстандағы ең ықпалды 50 кәсіпкер анықталды

Вячеслав Ким, Өтемұратов, Құлыбаев
Фото: Stan.kz коллажы

Forbes Kazakhstan журналы 2026 жылғы Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкерінің рейтингін жариялады. Биыл тізімнің алғашқы орнына Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким көтерілді. Ал үздік бестікке Болат Өтемұратов, Тимур Құлыбаев, Нұрлан Смағұлов және Шахмұрат Мутәліп енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл Forbes Kazakhstan еліміздегі ықпалды кәсіпкерлердің тізімін 16-рет жариялап отыр. Рейтинг кәсіпкерлердің қаржылық мүмкіндігіне ғана емес, олардың ел экономикасындағы орнына, ірі компанияларды басқаруына, инвестициялық жобаларына және қоғамдық қызметіне қарай жасалған.

Басылым сарапшыларының пікіріне сүйенсек, кейінгі бір жылда Қазақстандағы ірі бизнес өкілдерінің ықпал ету ауқымына бірқатар маңызды мәміле әсер еткен. Әсіресе банк, тау-кен өндірісі, металлургия, құрылыс және көлік-логистика салаларында болған өзгерістер кәсіпкерлердің рейтингтегі орнын қайта айқындады.

Вячеслав Ким ең ықпалды кәсіпкер атанды

Биыл рейтингтің бірінші орнына 57 жастағы Вячеслав Ким жайғасты. Ол бұған дейін 2023 жылы да Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкер атанған.

Вячеслав Ким – Kaspi.kz компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы және оның 20,06% үлесіне иелік ететін акционер. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Kaspi.kz компаниясының жиынтық табысы 4,05 триллион теңгеге, ал таза пайдасы 1,07 триллион теңгеге жеткен.

Кәсіпкердің бизнесі қаржы саласымен ғана шектелмейді. Ол Alatau City Bank-ті бақылайтын United Group Alatau компаниясына, “Алсеко” акционерлік қоғамына иелік етеді. Сондай-ақ Magnum Cash&Carry сауда желісінің түпкі бенефициары саналады.

2026 жылғы тамызда Ким JV Holding Ltd. компаниясын иеленді. Бұл холдинг Jusan Mobile компаниясын бақылайды. Қыркүйекте аталған байланыс операторы QMobile атауына көшетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар кәсіпкердің қарамағындағы компаниялар Астана мен Қостанайдағы Astyqjan сауда желісін, логистикалық орталықтар мен қойма кешендерін дамытуға қатысады.

Кимнің ықпалын арттырған маңызды жобалардың бірі – Алматы облысындағы Алатау қаласын дамыту бастамалары.

2026 жылғы қыркүйекте ол жаңа қалада AÑSA HUB орталығын құру жоспарын жариялады. Мұнда білім беру, ғылыми зерттеу және венчурлық жобалар жүзеге асырылмақ. Оларды қаржыландыру үшін 100 миллион долларлық эндаумент-қор қалыптастыру көзделген.

Болат Өтемұратов екінші орынға тұрақтады

Екінші орынға 68 жастағы Болат Өтемұратов шықты. Оның негізгі бизнесі банк, телекоммуникация, жылжымайтын мүлік, білім беру және қонақүй салаларын қамтиды.

Кәсіпкер Қазақстандағы активтер көлемі бойынша бесінші орында тұрған ForteBank акцияларының 91,43%-ына иелік етеді. Сондай-ақ оның активтері қатарында Beeline және IZI брендтерімен жұмыс істейтін “КаР-Тел”, The Ritz-Carlton Astana, Rixos Borovoe және The Carlton Moscow қонақүйлері бар.

Өтемұратов Narxoz University жоғары оқу орнына да иелік етеді. Оның қоры Астана мен Алматыдағы Haileybury мектептерінің капиталына қатысады.

Кәсіпкер халықаралық спорт және мәдениет индустриясына да қаржы құйып келеді. 2025 жылы ол халықаралық MARI компаниясына инвестиция салды. Компанияның активтері арасында Madrid Open, Miami Open және Mubadala Citi DC Open теннис турнирлері, Frieze өнер ұйымы және Barrett-Jackson аукцион үйінің ірі үлесі бар.

Болат Өтемұратов 2007 жылдан бері Қазақстан теннис федерациясын басқарады. Федерация мәліметінше, ол осы спорт түрін дамытуға 200 миллион доллардан астам қаражат бөлген.

Бұдан бөлек, кәсіпкердің қайырымдылық қоры жұмыс істеген жылдары денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және басқа да әлеуметтік жобаларға 250 миллион доллар бағыттаған.

Үшінші орында – Тимур Құлыбаев

Қазақстандағы ең ықпалды кәсіпкерлер рейтингінде үшінші орын 60 жастағы Тимур Құлыбаевқа бұйырды.

Ол жұбайы Динара Құлыбаевамен бірге “Алмэкс” холдингтік тобы арқылы Қазақстан Халық банкінің 61,91% акциясын бақылайды. Бұл – активтерінің көлемі бойынша елдегі ең ірі банк.

Кәсіпкердің компаниялары мұнай-газ, көлік-логистика, медицина, бөлшек сауда және жылжымайтын мүлік салаларында жұмыс істейді.

Құлыбаевқа QazaqOil және Gas Energy жанармай құю желілерінде, PTC Holding, SilkwayTransit және басқа да компанияларда үлестер тиесілі.

Оның бақылауындағы Mercury Properties компаниясы Алматы, Астана, Атырау, Шымкент, Ақтау және өзге де қалаларда орналасқан 50-ден астам нысанды басқарады. Бұл жылжымайтын мүліктің жалпы ауданы бір миллион шаршы метрден асады.

Нұрлан Смағұлов алғашқы бестікке енді

Төртінші орын Astana Group компаниясының негізін қалаушы, 61 жастағы Нұрлан Смағұловқа тиесілі.

Оның бизнесі автомобиль саудасы, машина жасау, құрылыс, сауда орталықтары және қаржылық технологиялар салаларын қамтиды.

Astana Group құрамында Astana Motors, MEGA сауда және ойын-сауық орталықтары, Mycar Group бар. Astana Motors құрылымында үш зауыт, автомобиль бөлшектеріне арналған технопарк, 23 бренд және 55 жеке дилерлік орталық жұмыс істейді.

2025 жылғы қыркүйекте Алматының индустриялық аймағында Astana Motors Manufacturing Kazakhstan мультибрендті автомобиль зауыты ашылды. Компания халықаралық нарықтарға да шығып, Чехия мен Словакияда Chery, Польшада GWM брендтерінің дистрибьюторы атанды.

Нұрлан Смағұлов мәдениет саласына да инвестиция салып келеді. 2025 жылы Алматыда оның бастамасымен Орталық Азиядағы алғашқы жеке заманауи өнер музейі – Almaty Museum of Arts ашылды.

Forbes мәліметінше, музейге алғашқы бір жылда 460 мыңнан астам адам келген. Осы уақыт ішінде төрт ірі көрме өткізіліп, әлемнің жетекші музейлерімен ынтымақтастық орнатылған.

Шахмұрат Мутәліп бесінші орынға көтерілді

Бесінші орында 36 жастағы Шахмұрат Мутәліп тұр. Ол – Integra Construction KZ компаниясының бенефициарлық иесі.

Компания теміржол, автомобиль жолдары және инфрақұрылым нысандарының құрылысы мен жөндеуіне маманданған.

2026 жылғы мамырда Мутәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Eurasian Resources Group (ERG) акцияларының 39,3%-ын сатып алды.

Бұған дейін бұл үлестер Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлеріне тиесілі болған.

Сондай-ақ кәсіпкер қатысатын Central Asia Resources Holding Ltd. компаниясы алтын өндіретін “Алтыналмас” кәсіпорнының 100% акциясын сатып алу туралы келісімге қол қойды. Дегенмен Forbes рейтингті дайындаған кезде бұл мәміле әлі аяқталмаған.

Мутәліп спорт саласында да белсенді. Ол Қазақстан бокс федерациясын басқарады және Ұлттық олимпиада комитетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президенті қызметін атқарады.

2026 жылы кәсіпкер Шымкенттің “Ордабасы” футбол клубын сатып алды.

Кейінгі орындарға кімдер жайғасты?

6-орын – Тимур Турлов, 38 жаста. Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы және негізгі акционері. Оның қаржы-инвестициялық тобы 24 елде жұмыс істейді. Қазақстандағы активтері қатарында Freedom Bank, Freedom Finance, Freedom Life, Arbuz.kz және басқа да компаниялар бар. 2026 жылы оның бизнесі Түркиядағы банк және брокерлік нарықта кеңейді. Сондай-ақ кәсіпкер Қарағандының "Шахтер" футбол клубын сатып алды. Қыркүйекте ол Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) президенті болып сайланды.

7-орын – Нұрлан Артықбаев, 51 жаста. Qazaq Stroy және Exclusive Qurylys компаниялары тобының ірі акционері. 2026 жылы "Қазақмыс корпорациясын" бақылауына алды. Оның бизнесі құрылыс, металлургия және телекоммуникация салаларын қамтиды. Артықбаев бақылайтын Qazaq Smelter компаниясы Балқашта құны 750 миллиард теңге болатын мыс балқыту зауытын салуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ол "Ақтөбе" футбол клубының иесі.

8-орын – Андрей Лаврентьев, 47 жаста. Allur компаниялар тобының ірі акционері және Qarmet металлургиялық кәсіпорнының бақылаушысы. Оның компаниялары автомобиль, ауыл шаруашылығы техникасы, болат және басқа да өнеркәсіп өнімдерін шығарумен айналысады. Allur тобы Chevrolet, Kia, JAC, Jetour, Škoda және Hongqi брендтерімен жұмыс істейді.

9-орын – Айдын Рахымбаев, 54 жаста. BI Group инвестициялық-құрылыс холдингінің акционері. Компания Қазақстанмен қатар Өзбекстан, АҚШ, БАӘ және Әзербайжанда жобалар жүзеге асырады. Кәсіпкер ауыл балаларына қолдау көрсететін IQanat білім беру бастамасының және "Ана үйі" қайырымдылық жобасының негізін қалаушылардың бірі.

10-орын – Владимир Ким, 65 жаста. KAZ Minerals компаниясының акционері әрі басшылық құрамының мүшесі. Оның негізгі активтері мыс өндіру, металлургия және қаржы секторында шоғырланған. KAZ Minerals тобына Ақтоғай, Бозшакөл және басқа да ірі кен орындары кіреді. Сонымен қатар кәсіпкер Bank RBK-ны бақылайды.

Биыл рейтингке төрт жаңа кәсіпкер қосылды

Forbes Kazakhstan тізіміне биыл алғаш рет төрт кәсіпкер енген.

Олардың қатарында Шахмұрат Мутәліп, Нұрлан Артықбаев, Құдрат Шамиев және Алмаз Әлсенов бар.

Құдрат Шамиев рейтингте 19-орынға жайғасты. Ол ERG тобының Қазақстандағы кәсіпорындарын басқаратын "Еуразиялық топ" компаниясының бас директоры. Бұл құрылымға “Қазхром”, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі, "Қазақстан алюминийі", Қазақстан электролиз зауыты, Еуразиялық энергетикалық корпорация және "Шұбаркөл көмір" сияқты ірі кәсіпорындар кіреді.

Ал Алмаз Әлсенов 40-орынға орналасты. Ол Швейцарияда орналасқан Harvest Group халықаралық компаниясының негізін қалаған. Кәсіпкер Қазақстанда құны 1,4 миллиард доллар болатын Harvest Agro агроөнеркәсіп жобасын жүзеге асыруда. Жоба 300 мың гектарға дейін суармалы жерді қамтуға бағытталған.

Қызылорда облысында суару инфрақұрылымының құрылысы басталған. Алдағы уақытта егістік аумағын кеңейту, өнім өңдеу және ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу жоспарланған.

Бұдан бөлек, Әлсенов Қазақстанда франциялық Paris Saint-Germain клубының лицензиясы бойынша PSG Academy Kazakhstan футбол академиясын ашу бастамасын қолға алған. Алғашқы орталық Астанада орналасады.

Ең ықпалды 50 кәсіпкердің толық тізімі:

11. Шухрат Ибрагимов – Eurasian Resources Group компаниясының бас атқарушы директоры. Тау-кен өнеркәсібі мен қаржы саласындағы кәсіпкер.

12. Бақытбек Байсейітов – Банк ЦентрКредиттің негізгі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.

13. Данияр Әбілғазин – QazaqOil, Sinooil және Gas Energy жанармай құю желілерінде, сондай-ақ логистикалық компанияларда үлесі бар кәсіпкер.

14. Александр Белович – Bazis-A құрылыс корпорациясының негізін қалаушы. Қазақстанда және шетелде құрылыс жобаларын жүзеге асырады

15. Эдуард Огай – Kazakhmys Copper және Kazakhmys Coal компанияларының акционері. Металл және көмір өндіру саласында жұмыс істейді.

16. Айдан Кәрібжанов – Visor Kazakhstan компаниясының ірі акционері. Жел энергетикасы мен инвестициялық жобаларды дамытады.

17. Арманжан Байтасов – Forbes Kazakhstan және басқа да ақпарат құралдары кіретін медиакомпаниялардың тең иесі. Телекоммуникация мен жылжымайтын мүлік саласында да бизнесі бар.

18. Дінмұхамед Ыдырысов – "Қазақстандық коммуналдық жүйелер" холдингін бақылайды. Энергетика, тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларға инвестиция салады.

19. Құдрат Шамиев – ERG тобының Қазақстандағы кәсіпорындарын басқаратын "Еуразиялық топ" компаниясының бас директоры.

20. Қайрат Боранбаев – Алматының "Қайрат" футбол клубының негізгі иесі. Esentai Mall, Esentai Tower және басқа да кәсіпорындарда үлесі бар.

21. Олег Новачук – KAZ Minerals халықаралық тау-кен компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы.

22. Қанат Көпбаев – Kusto Group компаниясының акционері. Құрылыс, құрылыс материалдары өндірісі және логистика бағыттарын дамытады.

23. Еркін Тәтішев – Kusto Group компаниясының ірі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, мұнай-газ және сауда саласында жұмыс істейді.

24. Фаррух Махмудов – Orbis Kazakhstan компаниялар тобының негізін қалаушы. Автомобиль саудасы, ауыл шаруашылығы, мұнай сервистік қызметі және құрылыс салаларында бизнесі бар.

25. Сергей Кан – Қазақ мұнай және газ институтының иесі. Энергетика мен өнеркәсіп салаларына инвестиция салады.

26. Кеңес Рақышев – Fincraft Group холдингінің иесі. Мұнай-газ, тау-кен өндірісі және қаржы салаларында активтері бар.

27. Серікжан Сейітжанов – "Оңтүстік" компаниялар тобының негізін қалаушы. Мұнай өндіру, цемент өндірісі, химия және қонақүй бизнесімен айналысады.

28. Қайрат Мәжібаев – RG Brands компаниясының негізгі акционері. Азық-түлік пен сусын өндірісі саласында жұмыс істейді.

29. Берік Қаниев – Lancaster Group компаниясының акционері. Мұнай сервистік қызметі, білім беру және басқа да инвестициялық жобаларға қатысады.

30. Райымбек Баталов – Raimbek Group холдингінің иесі. Азық-түлік, сусын өндірісі және инвестиция саласында жұмыс істейді.

31. Арсен Томский – әлемнің 48 елінде жұмыс істейтін inDrive халықаралық технологиялық компаниясының негізін қалаушы.

32. Ерлік Балфанбаев – Alina құрылыс материалдары компаниялар тобының негізін қалаушы. Алматы маңындағы Oi-Qaragai тау курортының иесі.

33. Елдар Әбдіразақов – Centras Group компаниясының негізін қалаушы. Сақтандыру, қаржы және медицина саласында жұмыс істейді.

34. Эдуард Ким – Technodom тұрмыстық техника және электроника дүкендері желісінің негізін қалаушы.

35. Қайрат Ітемгенов – Aqniet Group компаниясының ірі акционері. Europharma және ArzanPharm дәріханалар желісін, сондай-ақ логистикалық жобаларды дамытады.

36. Владимир Денисов – SCAT әуе компаниясының негізгі акционері және президенті.

37. Марғұлан Сейсембай – SEIMAR компаниясының иесі. Білім беру, ауыл шаруашылығы және инвестициялық жобаларға қатысады.

38. Иван Сауэр – "Родина" агрофирмасының негізгі иесі. Ауыл шаруашылығы және астық өндірісі саласында жұмыс істейді.

39. Алмас Сұлтанғазин – Sulpak және Alser тұрмыстық техника дүкендері желілерінің ірі акционері.

40. Алмаз Әлсенов – Harvest Group халықаралық агрокомпаниясының негізін қалаушы. Қазақстанда ірі агроөнеркәсіп кешенін дамытуда.

41. Марат Жұман – 30 елде жұмыс істейтін Atasu Group көлік-логистика холдингінің негізін қалаушы.

42. Рауан Кенжеханұлы – Bilim Group білім беру технологиялары компаниясының негізін қалаушы. Қазақша Википедияны дамытуға және ұлттық тіл жобаларына үлес қосқан.

43. Айдарбек Қожаназаров – Alto Logistics компаниясының тең иесі. Теміржол тасымалы саласында жұмыс істейді, Respublica партиясының төрағасы.

44. Марат Сәрсенов – "Исткомтранс" логистикалық компаниясын бақылайды. Теміржол тасымалы және ауыл шаруашылығы саласында бизнесі бар.

45. Ерлан Сүлейменов – "ОЛИМП" клиникалық-диагностикалық зертханалар желісінің негізін қалаушы және бас директоры.

46. Айғазы Құсайынов – Халықаралық білім беру корпорациясының иесі. Оның құрамына ҚазБСҚА, Қазақ-Америка университеті және басқа да оқу орындары кіреді.

47. Гаухар Қаппарова – Lancaster Group компаниясының акционері. Мұнай сервистік қызметі, тау-кен өнеркәсібі және сауда салаларында активтері бар.

48. Ғалымжан Есенов – ауыл шаруашылығы, білім беру және жылжымайтын мүлік салаларында бизнесі бар кәсіпкер. "Алматы марафонын" ұйымдастыратын қордың негізін қалаушы.

49. Елдар Сәрсенов – Нұрбанктің негізгі акционері және директорлар кеңесінің төрағасы.

50. Алмас Құдайберген – Centrasia Group компаниясының негізін қалаушы. Мұнай сервистік қызметтері мен өнеркәсіп саласында жұмыс істейді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің аты-жөні белгілі болғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 08 Қазан, 2026 12:04