Қазақстандағы ең ықпалды 25 әйелдің аты-жөні белгілі болды
Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең ықпалды әйелдердің үшінші рейтингін жариялады. Биылғы тізімде бизнес, қаржы, мемлекеттік басқару, мәдениет және қоғамдық сектор өкілдері бар. Рейтингтің алғашқы төрттігі қатарынан екінші жыл өзгермей, оны Halyk Bank басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Дүниежүзілік экономикалық форумның 2026 жылғы 18 маусымда жарияланған соңғы зерттеуі әйелдердің басшылық қызметтердегі үлесі артып келе жатқанымен, олардың ең жоғары деңгейге көтерілу қарқыны баяулағанын көрсетеді. 2015-2025 жылдар аралығында жоғары буындағы менеджменттегі әйелдердің үлесі 26,8%-дан 29,6%-ға дейін өскен. Әйелдер компаниялардың қаржылық, операциялық, техникалық және басқа да бағыттарына жауап беретін жоғары атқарушы басшылық C-suite қызметтерінің 24,6%-ын иеленеді. Алайда осы құрылымның ең жоғарғы сатысында компаниялардың бас атқарушы директорлары (CEO) арасында олардың үлесі небәрі 19,1%. Әйелдер директорлар кеңестеріндегі орындардың 29,3%-ын иеленгенімен, олардың тек 5,2%-ын ғана әйелдер басқарады.
Forbes Kazakhstan Қазақстандағы ең ықпалды әйелдердің үшінші рейтингін жариялады. Биылғы тізімде 25 әйел бар, олардың 18-і былтырғы орнын сақтап қалды. Алғашқы төрттік өзгерген жоқ. Рейтингті Үміт Шаяхметова бастады, одан кейін Мәдина Әбілқасымова, Аида Балаева және Ләззат Ибрагимова тұр.
Биыл рейтингке бес әйел алғаш рет енсе, Әсел Жанасова тізімге қайта оралды. Әйелдер ықпалы негізінен бизнес, мемлекеттік басқару және қаржы секторларында шоғырланған. Сонымен қатар тізімде квазимемлекеттік ұйымдар, қайырымдылық, ғылым, мәдениет және құқық қорғау салаларының өкілдері бар.
Рейтингке 170-тен астам кандидат арасынан алдын ала іріктелген 55 әйел сарапшылар тарапынан бағаланған. Қорытынды көрсеткіштің 90%-ын сараптамалық бағалау, 5%-ын сандық көрсеткіштер, тағы 5%-ын БАҚ-тағы жарияланымдар құрады.
Forbes Kazakhstan рейтингі әйелдердің жоғары басқару қызметтеріне өсу қарқынының баяулап отырғанын көрсетеді. Бұл ретте әйелдердің ықпалы көбіне ұзақ кәсіби тәжірибе, басқарушылық мандат және ірі жобалар арқылы қалыптасатыны атап өтіледі. Рейтинг қатысушыларының орташа жасы — 52 жас.
Сарапшылардың бағасы қорытынды балдың 90%-ына тең. Тағы 5% капитал, басқарудағы қаражат көлемі, қоғамдық және қайырымдылық қорларының бюджеттері, сондай-ақ бизнестің және іске асырылған жобалардың ауқымы сияқты сандық көрсеткіштерге берілді. Қалған 5% қатысушылардың бұқаралық ақпарат құралдарында қаншалықты жиі аталғанына байланысты есептелді. Рейтинг Forbes Women Kazakhstan әзірлеген таза бағалау сипатындағы журналистік жарияланым. Оны құжат немесе ресми ақпарат ретінде пайдалануға болмайды.
Рейтинг деректерін басқа БАҚ-тардың пайдалануына тек материалды қайта жазу және Forbes.kz порталына әрі рейтингтің өзіне екі белсенді сілтеме беру шартымен рұқсат етіледі. Копипастқа, яғни мәтінді сөзбе-сөз қайта басуға, тыйым салынады.
1. Үмiт Шаяхметова, 57 жаста
Үміт Шаяхметова 17 жылдан бері "Қазақстан Халық Банкі" АҚ-ны (Halyk Bank) басқарып келеді. Ол банктің басқарма төрайымы әрі директорлар кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар "Altyn Bank" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің және "Атамекен" ҰКП Алматы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі.

Шаяхметова президент жанындағы цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның және президент жанындағы ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі.
Өткен жылдың күзінде Kazakhstan Growth Forum нұсқасы бойынша Үміт Шаяхметова 2025 жылдың үздік CEO-сы атанды. 2025 жылғы тамызда ол БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарты желісінің директорлар кеңесін басқарды. Оның өңірлік кеңсесі 2026 жылғы маусымда Алматыда ашылды.
2. Мадина Әбілқасымова, 48 жаста
Мәдина Әбілқасымова 2020 жылғы қаңтардан бері қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін басқарады. Сонымен қатар ол ұлттық банктің басқарма құрамына кіреді.
Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін Ұлттық банкте төраға орынбасары болып, ақша-кредит саясаты, қаржылық тұрақтылық, төлем балансы және қаржы нарығы статистикасы мәселелеріне жетекшілік етті.
2011-2018 жылдары Әбілқасымова үкіметтің экономикалық блогында түрлі вице-министр қызметтерін атқарды. Соның ішінде Ұлттық экономика вице-министрі болды. 2018-2019 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды.

3. Аида Балаева, 52 жаста
Аида Балаева 2026 жылғы 31 тамызда қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұған дейін, 2025 жылғы желтоқсаннан бері, премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі қызметін атқарды. Ал 2023 жылғы қыркүйектен бастап мәдениет және ақпарат министрлігін басқарды.
Сонымен қатар Балаева ұлттық телерадио хабарларын тарату операторы "Қазтелерадио" директорлар кеңесінің төрайымы және президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы.

2020-2022 жылдары Балаева ақпарат және қоғамдық даму министрлігін басқарды. Кейін бұл ведомство мәдениет және ақпарат министрлігі болып қайта құрылды. 2022-2023 жылдары президент әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

4. Ләззат Ибрагимова, 53 жаста
Ләззат Ибрагимова 2017 жылғы ақпаннан бері "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы әрі директорлар кеңесінің мүшесі.
Банк Қазақстандағы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істейтін жалғыз қаржы институты.
2025 жылы банк ұлттық даму институты мәртебесіне ие болып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды орталықтандырылған есепке алуды бастады. Отбасы банкке тағайындалғанға дейін Ибрагимова "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Бұған дейін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорын басқарды. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мәселелерімен айналысып келеді. 30-дан астам ғылыми жарияланымның және үш оқу-әдістемелік құралдың авторы.
5. Әсел Тасмағамбетова, 46 жаста
Әсел Тасмағамбетова эколог, кәсіпкер. Ол жұбайы Кеңес Рақышевпен (Forbes Kazakhstan-ның ең бай кәсіпкерлер рейтингінде №27) бірге 2002 жылдан бері әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға шамамен 20 миллиард теңге бағыттаған "Сәби" қайырымдылық қорын құрды. Қор ұйымдастырған "Өз бизнесіңді құр" байқауының негізінде 2024 жылы BYB Capital венчурлік қоры құрылды.
2012 жылы Тасмағамбетова экологиялық мониторинг, тұрақты даму және ESG-консалтингке маманданған Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын (CAIER) құрды. Институт жанынан Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылды. 2026 жылы CAIER ICMA-ның халықаралық сыртқы бағалаушылар тізіміне енді. Тасмағамбетова сондай-ақ БҰҰ-ның Орталық Азиядағы Жаһандық шарты желісінің директорлар кеңесінің мүшесі.
Әсел Тасмағамбетова жылына 30 миллион данаға дейін өнім өндіретін Telli Ondiris косметика зауытына, ASIYA және Telli брендтеріне, сондай-ақ Telli биобутигіне иелік етеді. Жұбайымен бірге Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепті (Shoqan School), кейін білім беру саласындағы консалтингтік компания Shoqan Academy-ді құрды.

6. Аружан Саин, 50 жаста
2006 жылы Саин балаларға көмек көрсететін "Милосердие" ерікті қоғамы" қоғамдық қорын құрды және содан бері оны үздіксіз басқарып келеді. 2025 жылы қор шамамен 650 миллион теңге жинады, оның 147 миллион теңгесі Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорынан түскен.
1994 жылы ол қазақстандық телеарналарға арналған ойын-сауық, танымдық және білім беру бағдарламалары мен шоу-бағдарламалар өндіретін "Аружан и Компания" продюсерлік орталығын құрды.
2019-2023 жылдары ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі қызметін атқарды.

7. Анар Рақымбаева, 55 жаста
Анар Рақымбаева "Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік" қоғамдық қорын басқарады. Ол жұбайы Айдын Рақымбаевпен (Forbes Kazakhstan-ның ең бай кәсіпкерлер рейтингінде №9) бірге "Аналар үйі" қоғамдық қорын құрды.
Сондай-ақ "Жұлдызай и К" қайырымдылық қоры мен "Құлынжон" білім беру қорының тең құрылтайшысы. Ауыл мектептеріндегі оқушыларды қолдауға бағытталған IQanat жобасының қамқоршыларының бірі.
"Аналар үйі" қоры 10 жылдан астам уақыт бойы қиын жағдайға тап болған сәбиі бар әйелдерге көмек көрсетіп келеді және Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. 2023 жылы ерлі-зайыптылар Украинада осыған ұқсас "Будинок мами" жобасын іске қосты. Сол жылы бастама Mother’s Home International Foundation (MHIF) арқылы халықаралық деңгейде кеңейе бастады. Қазір қордың жобалары Қырғызстан, Өзбекстан және Малайзияда жүзеге асырылып жатыр.

Халықаралық қорды Айдын Рақымбаев пен Арсен Томский (Forbes Kazakhstan-ның ең бай кәсіпкерлер рейтингінде №12) құрды. Анар Рақымбаева оның қамқоршылар кеңесінің құрамына кірді. 2025 жылы "Аналар үйі" жобасы Harvard Business School-дың оқу кейсіне айналды.
2024 жылы ерлі-зайыптылар АХҚО-да отбасының қолданыстағы және жаңа филантропиялық жобаларын біріктіретін Rakhimbayev Family Office LTD жеке компаниясын тіркеді. Кейін олар құны $20 миллион болатын активтерді АХҚО-да тіркелген IQanat Endowment Fund қорына берді. Қордың мақсатты капиталының басқарылуынан түсетін табыс ауыл мектептерінің оқушыларына арналған білім гранттарына бағытталады.
8. Ақмарал Әлназарова, 55 жаста
2024 жылғы ақпаннан бері Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрлігін басқарады. Үкімет құрамына тағайындалғанға дейін ҚР Парламенті сенатында Қызылорда облысының атынан өкілдік етті. 2020-2024 жылдары сенат депутаты болды.
Әлназарованың кәсіби мансабының басым бөлігі Қызылорда облысының денсаулық сақтау жүйесімен байланысты. Еңбек жолын дәрігер болып бастап, кейін облыстық балалар ауруханасын, өңірлік денсаулық сақтау басқармасын және медициналық қызметтер саласындағы аумақтық бақылау органын басқарды.
Сондай-ақ Қызылорда медициналық колледжінің директоры болды, облыс әкімінің орынбасары және облыстық мәслихат хатшысы қызметтерін атқарды.

9. Жұлдыз Сүлейменова, 43 жаста
2025 жылғы қыркүйектен бері Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту министрлігін басқарады. Үкіметке тағайындалғанға дейін VII және VIII шақырылымдағы парламент мәжілісінің 2021-2025 жылдары депутаты болды.
2025 жылдан бері президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрамына кіреді.
Саясатқа келгенге дейін білім беру саласында, соның ішінде "Назарбаев Зияткерлік мектептері" дербес білім беру ұйымында жұмыс істеді.

10. Елена Бахмутова, 64 жаста
Елена Бахмутова Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрайымы қызметін атқарады. Ұйым қаржы секторын жетілдіру мақсатында мемлекеттік органдармен диалог жүргізетін және нарықтың 140-тан астам қатысушысын біріктіретін алаң.
Сонымен қатар ол ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Атамекен" президиумының мүшесі әрі қаржы секторы комитетінің төрайымы.
Бахмутова сондай-ақ "Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры" АҚ және "Altyn Bank" АҚ (China Citic Bank Corporation Limited еншілес банкі) директорлар кеңесінің мүшесі тәуелсіз директоры.

11. Раушан Қажыбаева, 47 жаста
Раушан Қажыбаева 2019 жылдан бері "Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені" КЕАҚ бас директоры қызметін атқарады. Бұған дейін премьер-министрінің кеңесшісі болған. Сонымен қатар ол президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
Биыл "Қазақстан Республикасы президентінің телерадиокешені" КеАҚ бірнеше ынтымақтастық туралы меморандум мен келісімге қол қойды. Олардың қатарында түркиялық TRT телерадиокомпаниясы, Моңғолияның Ұлттық қоғамдық радио және теледидары (MNB), Черногорияның мемлекеттік телерадиокомпаниясы (RTCG), сондай-ақ Жапонияның Jiji Press, Пәкістанның Associated Press of Pakistan ақпарат агенттіктері және басқа да шетелдік медиа құрылымдар бар.

12. Гаухар Қаппарова, 51 жаста
Гаухар Қаппарова портфеліне мұнай сервистік "Ерсай Каспиан Контрактор" ЖШС, "Tin One Mining" АҚ және "ГМК "Васильковское" ЖШС тау-кен компанияларындағы үлестер, сондай-ақ басқа да активтер кіретін Lancaster Group акционері.
Қаппарова рейтингте №13 орында тұрған Гүлнар Досаевамен бірге киім, аяқ киім және аксессуарлар дистрибуциясымен айналысатын "G and G Гламур" және "MaxGlamour" ЖШС-лерінің тең иесі.
Сонымен қатар ол Нұрлан Қаппаров атындағы қоғамдық қордың тең құрылтайшысы, IQanat білім беру жобасының қамқоршысы және YPO Kazakhstan ұйымының мүшесі.

13. Гүлнар Досаева, 51 жаста
2005 жылы Досаева жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдайтын "Дара" қорын құрды. 2025 жылы ұйымның бюджеті 621,6 миллион теңге болды, оның 295,9 миллион теңгесін қордың негізін қалаушы өзі қаржыландырды.
Досаеваның тағы бір бастамасы Dos.community зияткерлік волонтерлік платформасы. 2023 жылы ол Narxoz University-мен бірлесіп, коммерциялық емес ұйымдардың басшыларына арналған Executive MBA бағдарламасын іске қосты. Бұдан бөлек, Досаева Нұрлан Қаппаров атындағы қоғамдық қордың құрылтайшыларының бірі.
Гаухар Қаппаровамен (рейтингте №12) бірге "G and G Гламур" және "GGonline" ЖШС-леріне иелік етеді. Компаниялар люкс сегментіндегі бөлшек сауда мен онлайн сатуды дамытады. Оларға Алматы мен Астанадағы әлемдік сән үйлерін ұсынатын 10 бутиктен тұратын желі тиесілі. Олардың қатарында Max Mara, Fendi және Marina Rinaldi бар.

Жұбайы Ерболат Досаевпен және серіктестерімен бірге өнеркәсіптік инфрақұрылым, мұнай-газ сервистері, жер қойнауын пайдалану және тау-кен өндірісі, фармацевтика, білім беру және HR-қызметтер салаларында активтері бар Lancaster Holding көпсалалы халықаралық тобының үлесіне иелік етеді.
14. Эльвира Әзімова, 53 жаста
Эльвира Әзімова үш жылдан астам уақыттан бері Конституциялық сотты басқарып келеді. Осы қызметке дейін Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл болды.
Сондай-ақ президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және президен жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның құрамында болды.

15. Әлия Молдабекова, 50 жаста
Әлия Молдабекова алты жылдан астам уақыттан бері ұлттық банктің төрағасы орынбасары қызметін атқарып келеді және Ұлттық банк басқармасының құрамына кіреді.
Сонымен қатар Ұлттық банктің еншілес құрылымдары ұлттық банктің ұлттық инвестициялық корпорациясы АҚ, "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ және "Қазақстан қор биржасы" (KASE) АҚ директорлар кеңесінің төрайымы.
Ұлттық банкте ол алтын-валюта активтерін, ұлттық қордың активтері мен БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаратын Монетарлық операциялар департаментіне жетекшілік етеді. Департамент ақша-кредит саясатын іске асыру үшін қаржы нарықтарында операциялар жүргізіп, Ұлттық банктің "банктер банкі" функциясын орындауына қатысады.

16. Динара Зәкиева, 43 жаста
Динара Закиева 2023 жылдан бері Бала құқықтары жөніндегі уәкілі қызметін атқарады. Сондай-ақ "Әділет" партиясы саяси кеңесі бюросының құрамына кіреді.
2026 жылғы қаңтарда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген "Қазақстан балалары" ұлттық бағдарламасы қабылданды. Стратегия 71 міндет пен 158 шараны қамтиды. Олар институционалдық деңгейде жүйелеу мен талдауды, жаңа заң жобаларын әзірлеуді және қолданыстағы тетіктердің бір бөлігін реформалауды көздейді.
Бағдарлама балалардың қауіпсіздігі, отбасыларды әлеуметтік және ақпараттық қолдау, денсаулық сақтау, білім беру, цифрлық және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.

17. Чинара Бугимбаева, 56 жаста
Чинара Бугимбаева 30 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Qaganat қоғамдық тамақтану желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры. Желі Қазақстанның үш қаласында жиырмадан астам нүктені біріктіреді.
Сонымен қатар Чинара Бугимбаева Paryz ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының мүшесі және Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі.

18. Алина Алдамберген, 53 жаста
Алина Алдамберген "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ, "Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі" АҚ және "Sinoasia B&R" сақтандыру компаниясы" АҚ директорлар кеңесінің мүшесі әрі тәуелсіз директоры.
2026 жылғы мамырда Маскат қор биржасы (MSX) Алина Алдамбергенді бизнесті дамыту жөніндегі директор қызметіне тағайындағанын жариялады.
Алдамберген Қазақстан қор биржасының (KASE) бұрынғы басқарма төрайымы әрі директорлар кеңесінің бұрынғы мүшесі. Сондай-ақ "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Еңбек жолын ABN AMRO Bank Kazakhstan банкінен бастаған. Кейін Ұлыбританияның Лондон қаласындағы ABN AMRO Bank N.V. директорлар кеңесінің мүшесі болды.

19. Әсел Жанасова, 39 жаста
Әсел Жанасова президенті әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарады. Лауазымға ол 2025 жылғы желтоқсанда Президент кеңесшісі қызметінен тағайындалды.
2025 жылдың көктемінде "Қазпошта" АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарып жүрген кезінде ол Дүниежүзілік экономикалық форумның Young Global Leaders 2025 тізіміне енді. Компанияны 2022 жылғы қазаннан 2025 жылғы маусымға дейін басқарды. Оның еңбек жолында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі, АХҚО цифрлық технологиялар жөніндегі басқарушы директоры және басқа да қызметтер бар.

20. Әсел Мұқажанова, 55 жаста
Астана халықаралық қаржы орталығы биржасы (AIX) директорлар кеңесінің мүшесі әрі басқарма төрайымы.
Әсел Мұқажанова AIX-ті 2023 жылғы қаңтарда басқарма төрайымының міндетін атқарушы ретінде басқарды. Ал 2023 жылғы қыркүйекте биржа басшысы қызметіне ресми түрде тағайындалды. Бұған дейін AIX-те нарықтар мен өнімдерді дамыту жөніндегі басқарушы директор және басқарма мүшесі қызметтерін атқарды. Биржаға келгенге дейін қаржы және банк қызметтері саласында 25 жылдан астам тәжірибесі болды.
Биржаның 2025 жылғы қызмет қорытындысы туралы есебіне сәйкес, AIX-тің ресми тізімінде 195 эмитент шығарған 368 құрал болды. Сауда-саттық көлемі 2,1 миллиард доллар (955,5 миллиард теңге) болып, 2024 жылмен салыстырғанда 61,5%-ға өсті. Сауда мүшелерінің саны 15 жаңа брокерге артып, 65 қатысушыға жетті. 2025 жылы тартылған капитал көлемі 4,9 миллиард доллар (2,23 триллион теңге) болды.

21. Баян Алагөзова, 52 жаста
Кәсіпкер, продюсер, актриса әрі тележүргізуші. Ол Forbes Kazakhstan-ның шоу-бизнес жұлдыздары рейтингінде (рейтинг 2020 жылға дейін жарияланып келді) бірнеше рет көшбасшылар қатарында болды. 2025 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.
Алагөзова Shine Production продюсерлік орталығының негізін қалаушы. Өзіне тиесілі, коммерциялық және авторлық жобаларды жүзеге асыратын "BM Production" ЖШС-ін басқарады. Оның продюсерлік жұмыстарының қатарында 2022 жылы Берлин кинофестивалінде көрермен көзайымы жүлдесін жеңіп алған "Бақыт" драмасы бар. Фильмде тұрмыстық зорлық-зомбылық және әйелдердің осал әлеуметтік жағдайы мәселелері көтерілген.
2026 жылғы наурызда продюсер АҚШ-та "WHAT IS ҰЯТ?" толықметражды фильмінің түсірілімі аяқталғанын хабарлады. Картина Америкада түсірілген, актерлік құрамы толығымен америкалық болған алғашқы қазақстандық жоба ретінде таныстырылды. Фильмдегі жалғыз қазақстандық актриса Дариға Бадыкова.
2011 жылы Алагөзова жыл сайын өткізілетін ұлттық "Қазақ аруы" сұлулық байқауын ұйымдастыруды бастады. Байқауды қазір де өзі басқарады. Сонымен қатар 2026 жылы Алматының Орталық стадионында өзінің 20 жылдығына арналған концерт берген әйелдерден құралған "КешYOU" музыкалық тобының продюсері.

2024 жылы әйелдерге арналған "Мақсат" жеке қорын құрды. Қор "Мама Клара" әйелдер дағдарыс орталығына жетекшілік етеді.
22. Жәния Әубәкірова, 69 жаста
1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, музыкалық білім алуға мүмкіндік беретін жеке мектеп Aubakirova School авторлық мектебінің негізін қалаушы әрі көркемдік жетекшісі.
Концерттер ұйымдастырумен айналысатын "Классика" музыкалық агенттігін құрудың бастамашысы әрі тең құрылтайшысы. Әубәкірова Steinway & Sons компаниясының ресми әртістерінің бірі.
1997-2018 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры болды. Пианист, Қазақстанның халық әртісі.
2026 жылы Жәния Әубәкірованың музыкант мамандығы, орындаушылық өнер және пианистің ішкі әлемі туралы авторлық "Рояльмен оңаша" атты жеті бөлімді деректі жобасы жарық көрді.

23. Жанна Кан, 57 жаста
Жанна Кан зергерлік бұйымдар мен сағаттар сататын Constella мультибрендтік желісі, киім, аксессуарлар және үйге арналған тауарлар өндіретін Zardozi бренді кіретін Zhanna Kan Group компаниясының негізін қалаушы әрі иесі.
Constella италиялық Damiani брендімен серіктестік орнатқан және Астана, Алматы, Шымкент пен Ташкент қалаларында жұмыс істейді.
Кан өңірдегі әйелдер көшбасшылығына арналған Be Woman форумының ұйымдастырушысы. Форум биыл Алматыда қатарынан үшінші рет өтеді. Оған бизнес, саясат, мәдениет және басқа да салалардың бірнеше ондаған шақырылған спикері қатысады.

24. Гаухар Әбдіқаева, 53 жаста
Люкс санатындағы брендтерді дистрибуциялау және бөлшек саудамен айналысатын зергерлік холдинг Sansi Group компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры.
Топ құрамына "Avenue Deluxe", "Karat Deluxe", "Karat Plaza" және "Plaza Deluxe" операциялық компаниялары кіреді.
Холдинг Қазақстандағы Bvlgari монобутиктерін (Қазақстандағы LVMH-пен серіктестік аясында), Pomellato дүкендерін, сондай-ақ Алматы мен Астанадағы Sansi мультибрендтік бутиктерін басқарады. Брендтер портфелінде Chaumet, Pasquale Bruni, Mikimoto және басқа да маркалар бар.

25. Раушан Жақсыбай, 53 жаста
Кәсіпкер, Арманжан Байтасов (Forbes Kazakhstan-ның ең бай кәсіпкерлер рейтингінде №60) пен Мұхтар Жәкішев негізін қалаған Parasat бизнес-клубының төрайымы.
Алматыдағы "АсМед" әлеуметтік емханалар желісіне иелік етеді. Сондай-ақ Dariger Foundation қоғамдық қорының тең құрылтайшысы.

Еске салайық, бұған дейін Forbes Kazakhstan 2026 жылғы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингін жариялады. Тізімде 44 жасқа дейінгі жеті кәсіпкер мен бір миллиардер бар. Олардың арасында экс-президенттің немересі Нұрәлі Әлиев, Алматының бұрынғы әкімі Ахметжан Есімовтің қызы Айжан Есім және Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов бар. Ең жас кәсіпкер 35 жастағы Шахмұрат Мүтәліп. Жастар қатарындағы ең бай кәсіпкер 38 жастағы Тимур Турлов, оның байлығы $5,2 млрд деп бағаланған.
"Қаламақымызды ала алмай отырмыз": Ақындар мен композиторлар Қазақстан авторлық қоғамына қарсы шықты